Жаңаөзенде параспортшылар орталығы ашылды
Жоба құрылысын «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы қаржыландырған.
Екі қабатты ғимарат заманауи тренажерлармен жабдықталған. Бұл Жаңаөзенде мұнай компаниясы демеушілігімен тұрғызылған екінші спорт кешені.
Параспортшылар орталығында «Алға» спорт клубы жаттығады. Клубқа 97 мүгедектігі бар адам мүше. Кейбірі республикалық және халықаралық жарыстың жеңімпазы. Қуантарлығы, олар биыл Парижде өтетін паралимпиада ойындарына жолдама алды. Спорт кешенін ашу салтанатына ұлттық компания басшысы арнайы қатысып, микроавтобус кілтін табыстады.
Мағзұм Мырзағалиев, "Қазмұнайгаз" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы:
- Спортта да, өмірде де биік белестерді бағындыруға тілектеспін. Жаңа ғимаратпен қатар, сіздерге мұнайшылар атынан арнайы көлік тарту еткелі тұрмыз. Қабыл алыңыздар.
«Алға» спорт клубы 1993 жылы құрылған. Параспортшылар бұған дейін әр жерде жаттығу өткізіп келді. Ендігі қиын кезеңнің артта қалғанына қуанышты. Клубта отырып ойнайтын волейбол, бочча, тоғызқұмалақ, арм-рестлинг секілді 17 үйірме бар.
Құралбек Сейітов, "Алға" спорт клубының жетекшісі:
- Біз үлкен қиыншылықтан өттік деп айта алам. Кетіп қалып, тарап кетуге де болатын еді. Бірақ жаңағыдай жылы сөздің арқасында, ертең болады, міне сәл шыдаңыз дегеннің арқасында осындай деңгейге жетіп тұрмыз қазір.
Жансейіт Қайнарбаев, Жаңаөзен қаласының әкімі:
- Осы жерде өздерінің ортасын табуға үлкен септігін тигізіп жатқан үлкен орта. Облыс басшысы және Мағзұм Маратұлы келіп, тікелей қолдауларымен ашылып жатқан, біздің спортшыларымызға ертеңге деген сенімдеріне үлкен бір септігін тигізетін ғимарат.
Айта кетсек, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында Жаңаөзенде 1000 түп ағаш отырғызады. Осыған орай, жаңа спорт кешенінің ауласына тал көшеттері егілді.
Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев