Елде 3 геологиялық барлау ұңғымасы бұрғыланады
«Биыл елімізде 3 геологиялық барлау ұңғымасын бұрғылау күн тәртібінде тұр. Бұл жобалардың диверсификациялық портфелі де дайын». Ақтауда өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басшысы Мағзұм Мырзағалиев осылай деді.
Жиында Маңғыстауда мұнай-газ өндірісін дамытуға қатысты мәселелер талқыланды. Шараға арнайы шақырылған әлемдік сарапшылар, сала мамандары мен ардагерлері қатысты.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы жылдың соңына дейін 3 бірдей ірі жобаны жүзеге асырады. Жоспар бойынша Қызылорда және Атырау өңіріндегі кен орнында тереңдігі 5 мың метр болатын геологиялық барлау ұңғымасы қазылады. Тағы бірі Каспий теңізінің түбінде бұрғыланбақ. Мамандардың мәліметінше, Қазақстанның геологиялық барлау жасалмаған аумағында 18 млрд тонна мұнай қоры бар.
Мағзұм Мырзағалиев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
- Каспий теңізінде орналасқан «Абай» атты учаскесінде 2,5 мың метрге скважина қазылады. Үшінші жобаның аса маңыздылығы бар. Оны италияндық «Еni» компаниясымен бірлесіп іске асыратын боламыз. Оның бір ерекшелігі, қасында «Қаламқастеңіз» деген кен орны бар. Сондықтан да осы учаскенің әлеуеті зор.
Конференцияға Германия, Дания, Қытай және Қазақстанға көрші мемлекеттерден 200-ден аса геолог, геофизик пен мұнай-газ саласы бойынша әлемдік сарапшылар келді. Жиын «ашық алаң» форматында өтті. Күн тәртібіне Маңғыстаудың мұнай-газ кен орындарын барлау әрі игеру, мұнай өнімдерін тасымалдау, сақтау және өңдеуге қатысты мәселелер қойылды. Шараны қазақстандық мұнайшы-геологтар қоғамы ұйымдастырды.
Балтабек Қуандықов, «Мұнайшы-геологтардың қазақстандық қоғамы» ҚБ президенті:
- Қазақстан мұнайының 20%-і осы Маңғыстау жерінде шығарылады. Енді сол өнімді көбейту үшін алға қарай немесе сол өнімді ұзақ уақытқа ұстап тұру үшін жаңа кен орындарын ашу керек. Басқа елден келген мамандармен ақылдасып, олардың іс-тәжірибесін үйреніп, технологиясын пайдалануға жақсы мүмкіншілік туады деп өзім ойлаймын.
Басқосуда Маңғыстауда көмірсутек өндіру көлемін қолдауға бағытталған жобалар да сөз болды. «ҚазМұнайГаз» басшысы Мағзұм Мырзағалиев «Өзен» және «Қарамандыбас» кен орнын оңалтуға бағытталған жұмыс жоспарына тоқталды. Қазір мамандар «Лукойл» компаниясымен бірлесе «Қаламқас-теңіз-Хазар» жобасын әзірлеп жатыр. Мұнда 2029 жылы мұнай өндірілмек.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев.