Қызылорда облысында 21 «Жайлы мектеп» салынады
Қызылорда облысында 2025 жылға дейін 21 «Жайлы мектеп» салынады.
Осылайша, өңірдегі үш ауысымды мектеп мәселесін түбегейлі жою жоспарланып отыр. Бұл туралы Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің көшпелі отырысында айтылды. Сонымен қатар білім беру жүйесін трансформациялау және балалардың құқын қорғау мәселелері талқыланды.
Биыл облыс бюджетінің 40%-тен астамы білім саласына бөлінді. Қомақты қолдаудың аясында бірқатар жоба нәтижелі жүзеге асты. Мысалы, 3 пен 6 жастағы балалар балабақшамен 100% қамтылған. Мектепке дейінгі тәрбие ұйымдарын қаржыландыруды ұтымды ұйымдастыру бойынша да жетістіктер бар.
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
- Өткен жылдан бастап облыс балабақшаларындағы балалардың күнделікті қатысуы «Қазына фейс» цифрлы платформасы арқылы бақыланып отыр. Нәтижесінде өткен жылы 3 млрд теңгеден астам қаражат үнемделді. Бұл жұмыстар биылғы жылы жалғасын тауып жатыр.
Мектептердегі орын тапшылығы мәселесін шешу мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 21 білім ұясы салынады. Физика-математика мектеп-интернаты ашылады. Білім ордаларының ғимараты ғана емес, мазмұны да жаңарады.
Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Қазір дүниежүзілік адам тану индексі бойынша біздің еліміз осы тізімнің 56-шы орында тұр. Бізге былай қарағанда 168 елдің ішінде. Әлі көп жұмыс жасауға тура келеді.
Қаныбек Жұмашев, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы:
- Біліктілік арттырудан өткен педагогтардың саны еселеп өсті. Сапалық құрам бойынша шеберлер мен зерттеушілер, жоғары категориялы педагогтардың саны 160 мыңға дейін жетті.
Биыл облыста алғаш рет «Бір мектеп – бір жоба» байқауы өтті. Осындай тың бастамалар нәтижесінде білім беру жүйесін трансформациялау жалғаса береді, – дейді мамандар.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев.