СҚО-ға 20 тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелтілді
Тасқын судан зардап шеккен өңірлерге бүкіл ел болып көмек қолын созып жатыр.
Қайырымдылық жасаудан жергілікті компаниялар да тыс қалып жатқан жоқ. Алматыда орналасқан «Алатау Жарық Компаниясы» бүгін Солтүстік Қазақстан облысына 20 тоннадан астам азық-түлік жөнелтті. Оған қоса ұжым болып, 1 күндік еңбекақысын аударған.
«Су тасқынынан келген апатты ел болып еңсереміз. Қазақстан халқының бірлігі қашанда мықты. Осы жолы тіптен беки түсті. Оған өзіміз де куә болдық. «Алатау Жарық Компаниясы» қайырымдылық шаралардан қалыс қалып көрген емес», – дейді басқарма төрағасы Абай Асылов. Сондықтан ұжым болып, гуманитарлық көмек жөнелту туралы шешім қабылдаған.
Абай Асылов, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ басқарма төрағасы:
- «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы бастаған «Біз біргеміз» деген ұранмен «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ Солтүстік Қазақстан өңіріне гуманитарлық көмегімізді жібергелі жатырмыз.
Жүктің салмағы 20 тоннадан асады. Оны жібермес бұрын зардап шеккендерге не қажет екендігі анықталды.
Халықтың сұранысы есепке алынды. Жүктің басым бөлігі – азық-түлік пен гигиеналық заттар.
Жақсылық Сағымбеков, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ бас инженері:
- Сонымен қатар біздің компанияның жұмыскерлері ерікті түрде 1 күндік жалақысын аударып, «Қазақстан халқына» деген қоғамдық қорының есепшотына 29,4 млн қаражат жібердік. Осындай қиын-қыстау кезде халықпен бірге болу біздің азаматтық парызымыз деп есептейміз.
«Алатау Жарық Компаниясы» Алматы қаласы мен Алматы облысына электр энергиясын жеткізеді және бөледі. 4 млн-нан аса тұтынушысы бар. Компанияның өзінде 4 мыңнан астам адам еңбек етеді. «Тарифті инвестицияларға айырбастау» бағдарламасы аясында 150 шақырымға жуық кабельдік желі, 85 трансформаторлық қосалқы станцияны қайта жаңғыртудан өткізді.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов.