БҚО-да құтқарушылар марапатталды

Су тасқыны кезінде күштік құрылымдардың 3 мыңдай қызметкері

Батыс Қазақстан облысындағы елді мекендерді қорғап, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруге үлес қосты. Олардың ерен еңбегі ескерусіз қалмайды. Отан қорғаушылар күні қарсаңында Ұлттық ұлан, полиция және төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері марапатталды.

Биылғы көктем батысқазақстандықтардың есінде ұзақ сақталары сөзсіз. Әуелі шағын өзендер тасып, еріген қар суы үйлерді басса, одан кейін Жайық өзені арнасынан асты. Ел мен жерді тасқыннан аман алып қалуға күштік құрылымдардың көмегі көп болды.

Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:

- Су тасқыны орын алған кезде әсіресе әскерилер тұрғындарымыздың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етті. Бір сөзбен айтқанда олар Отан алдындағы міндеттерін адал атқарды. Бұдан бөлек, еріктілер мен қарапайым тұрғындарымыз да күндіз-түні тасқын суға қарсы жұмыстарға қол ұшын созды. Нәтижесінде 84 елді мекенін су тасқынынан аман қалдық. Бұл, бірлескен істің нәтижесі.  Нағыз ерліктің көрінісі.

Тасқын кезінде 13 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Құтқарушылар белуардан су кеше жүріп тұрғындарды тасымалдады. «Құрмет» грамотасымен марапатталғандардың қатарында өрт сөндіруші Сергей Голубев те бар.

Сергей Голубев, №5 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирінің орынбасары:

- Адамдардың алғысынан артық не бар?! Барлық жерде тұрғындар ризашылығын білдірді. Өзге қалалардан көмекке келген әріптестерімізбен бірге жағалауларды бекіттік, дамбалар тұрғыздық. 

Айнаш Дәулетова, апаттар медицинасы орталығының фельдшері:

20 шақты жүкті әйелді қауіпсіз жерге шығардық. Бір күнде мал-мүлкінен, баспанасынан айырылып қалған адамдардың  көзінде жас, көңілінде мұң болды. Оларға психологиялық көмек көрсеттік. Бөгеттерді биіктетуге да шықтық. Салтанатты шара соңы мерекелік концертке ұласты.

Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов