«Гелиос» компаниясының қызметкерлері сенбілік өткізді
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Гелиос» компаниясының қызметкерлері сенбілікке шықты.
Олар Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағын ретке келтірді. Тау бөктеріндегі акцияға компанияның 100-ден астам қызметкері қатысты.
Күрек, тырма, қап ұстаған «Гелиос» компаниясының жұмысшылары 6 шақырым аумақты қоқыстан тазартты. Бұл компания қызметкерлері қатысқан алғашқы сенбілік емес. Ұлттық парктегі тазарту жұмыстары жыл сайын өтіп тұрады екен. Бұл жолы Түрген шатқалы таңдалыпты.
Денис Трандафилов, "Гелиос" ЖШС маркетинг және сату жөніндегі директоры:
- Президент айтқандай сенбілікке қатысу арқылы біз бірінші кезекте елімізге қамқорлық жасаймыз. Шет елден келген қонақтар табиғатымыз арқылы бізді көреді. Сол үшін еліміздің әр шаршы метрі таза және әдемі болуы керек.
Табиғи парк қызметкерлерінің айтуынша, мұнда жыл сайын 500 мыңнан аса адам келеді. Сондықтан да тазалық пен тәртіпті сақтау аса маңызды. Жыл басынан бері Іле Алатауы бөктерінен 300 тонна қоқыс шығарылған.
Арқау Шантаев, Іле Алатауы МҰТП бас директорының орынбасары:
- Гелиос компаниясымен жақында меморандумға қол қойылды. Екі жақты бірге осы ұлттық парктің аумағында тазалық жұмыстары бар, одан кейін флора мен фаунаны қалпына келтіру бойынша бірқатар жұмыстар жоспарда бар. Әрі қарай да жұмыстар жалғасатын болады.
Жансая Аутәліп, Іле Алатауы МҰТП туризм бөлімінің басшысы:
- Осы ретте Гелиос ЖШС үлкен алғыс білдіреміз. Іле-Алатауының осындай құндылықтарын, керемет табиғатын сақтап, қорғап ғана қоймай тазалықты, сонымен қатар акцияны барлығын үйлестіріп өзгелерге де үлкен үлгі көрсетіп жатыр.
«Гелиос» компаниясы мен ұлттық парк бірлесе Сиверс алмасын қалпына келтірмек. Айта кетейік, «Таза Қазақстан» аясындағы сенбілік Аюсай шатқалы мен Есік көлінде де жүргізілді.
Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев