Су тасқынымен күрескен қызылордалық әскерилер марапат алды
Отан қорғаушылар күні қарсаңында Қызылорда облысының әскерилеріне де құрмет көрсетілді.
Айбынды қазақ армиясының сарбаздары мен сардарлары ұлықталған салтанатты шараға аймақ басшысы қатысып, су тасқыны зардабын жоюға атсалысқан сырбойылық жауынгерлерді марапаттады.
Әуежай маңында орналасқан 66597 әскери бөліміне келген облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев заманауи қару-жарақ арсеналымен танысты. Әмбебап жауынгерлер аймақ басшысына ұшқышсыз басқарылатын барлау ұшақтары мен жерсеріктік жаңа байланыс құралдарының мүмкіндігін көрсетті.
Облыстағы барлық күштік құрылымдардың жеке құрамы алдында аймақ басшысы су тасқыны болған өңірлерден оралған 400-ден астам жауынгерге Сыр жұрты атынан алғыс білдірді.
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
- Құрметті, отан қорғаушылар. Сіздер су тасқыны кезінде алғы шепте жүріп, шынайы патриотизм мен ерен еңбектің, әскери антқа адалдықтың ерен үлгісін көрсеттіңіздер. Қиын шақта адалдық пен адамгершіліктің биік үлгісін көрсете білген сіздердің қолдауларыңыз бен көмектеріңізді халық ешқашан ұмытпайды. Сын сағатта елдік мұрат жолында барлық күш-жігеріңізді аямай әскери борышқа адалдықтың, елжандылық көрсеткен қырағы қызметтеріңіз үшін барша Сыр жұртшылығының атынан риясыз алғыс білдіремін.
Өз өмірін ел мүддесіне арнап, ерен еңбегімен ерекшеленген жандардың бірі Нұрахмет Сейдахметов. Батыс Қазақстан облысы тұрғындарын судан қорғауда әбжіл қимылымен көзге түскен барлаушы мерекеде мерзімінен бұрын майор атанды.
Нұрахмет Сейдахметов, 66597 әскери бөлімі жедел барлау бөлімшесінің бастығы:
- 20 ауылға бөгеттер жасап және де қаптармен үлкен бөгет тұрғыздық. Шаған өзені мен Жайық өзенінің айналасындағы бөгеттерді көтеріп, құм салып, көп жұмыс жасадық. Ел басына күн туғанда ҚР сарбаздары әрқашан көмек көрсетуге дайын.
Әскерилерден бөлек Сыр өңірінен жіберілген 99 құтқарушы еліміздің батыс аймақтарында тасқын сумен әлі күресіп жүр. Мерекелік шарада төтенше жағдай департаменті қызметкерлерінің ерлігі де айырықша әспеттелді.
Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев