Ақмолалық ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетілді
Қазір облыста оқ пен оттың арасынан аман келген бес майдангер және бір мың сегіз жүзге жуық тыл ардагерлері тұрады.
Оларды өңір басшылығы мерекемен құттықтап, арнайы сыйлықтарды табыстады. Сонымен қатар, биыл аймақтағы соғыс ардагерлерінің әрқайсысына үш миллион теңгеден материалды көмек берілді.
Бүгін тыл ардагері Майра Әбілпейсова өзінің жүз жылдық мерейтойын атап өтуде. Соғыс жылдары таңның атысынан күннің батысына дейін ол қайнаған еңбектің ортасында жүрді. 18 жасынан бастап жер жыртып, шөп те шапты. Жүз жасқа келген кейуананы өңір басшысы Марат Ахметжанов арнайы құттықтады.
Майра Әбілпейісова, тыл ардагері:
- Қандай қиын заман болды. Жай халықты қырып тастады ғой. Мынау, енді арты қайыр-жақсылық болып, мына балалар, жастар, өсіп-өніп өмірдің жақсы қызығын көріңдер. Ұмыптау керек өткенді де. Ауыр заман болған.
Көкшетаудағы жалғыз соғыс ардегері Казимир Беймартке де құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалды. Ол 1944 жылы 18 жасында өз еркімен майданға аттанды. Бірнеше рет жарақат алған. Жауынгерлік ерлігі үшін орден және медальдармен марапатталған.
Казимир Беймарт, Ұлы Отан соғысының ардагері:
- Осылай ардагерлерге деген құрмет үшін үлкен рақмет. Мен соғысты көрдім, жарақат алдым. Бұндай қиындықтар енді болмасын.
Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:
- Енді бұл деген біздің ардагерлерге, бүкіл біздің қауымға, жасы келген қарияларға үлкен құрмет. Біздің облысымызда бес соғыс ардагері қалды. Соларды бәріне сый-құрмет жасап, марапаттап, бұл кісілерге бүгінгі көңіл бөліп. Адами қасиетті борышымыз.
Соғыс жылдарында 90 мыңнан астам ақмолалық майданға аттанды. Соның 37 мыңы елге аман-сау оралды. Ал 70-і Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.
Аслан Әбутәліпов, Евгений Шинкаренко