Ақтөбедегі әуежайда отын құю кешені салынады

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Ақтөбе әуежайында ірі жанармай құю кешенінің құрылысын бастады.

Жоба еліміздің транзиттік әлеуетін дамытуға бағытталған. Нәтижесінде әлем бойынша жолаушы және жүк тасымалдайтын ұшақтарды халықаралық стандартқа сай авиациялық отынмен қамтуға мүмкіндік туады. Өңірдің өркендеуіне де септігін тигізеді.

Отын құю кешені – ел бойынша өңірлік әуежайда бастау алған пилоттық жоба. Оны «ҚазМұнайГаздың» еншілес компаниясы «ҚазМұнайГаз-Аэро» серіктестігі іске асыруда. Құрылысына қомақты қаржы тартылған жұмыс нәтижесінде, халықаралық стандартқа сай жанармай құю ісі қалыпты жолға қойылады.

Ильдар Шамсутдинов, «Қазмұнайгаз – Аэро» ЖШС бас директоры:

- Мемлекет басшысы өз Жолдауында транзиттік потенциалды ұлғайту жөнінде міндет қойған болатын. Бұл жоба тапсырманы іске асыруға бағытталған. Отын құю кешенінде авиа отынның РТ, ТС-1 мен әлемдік деңгейдегі JET A-1 маркасы қолданылатын болады. Жобаның бірінші кезеңінде жанармайдың 600 текше метр көлемі сыятын жылжымалы кешен салу мен отын құятын екі көлік сатып аламыз. Ал одан кейін рельсі бар қойманы іске қосамыз. Ол мұнай өнімі сақталатын база болады. 

Жобаның екінші кезеңінде 20 мың текше метрлік стационарлық резервуар паркі мен диспетчерлік орталық және өзге де нысандар тұрғызылатын болады. Халықаралық стандартқа сай салынатын кешеннің іске қосылуы Ақтөбе әуежайының бәсекелестігін арттырып, өңірдің дамуына да зор үлес қосады. Жаңа жұмыс орындары пайда болып, әуе кемелері үшін отын сервисінің сапасы жоғарылайды.

Ғалымжан Елеуов, облыс әкімінің орынбасары:

- Ол үлкен біз үшін жетістік. Неге десеңіз, ол мультимодальный хаб салынғаннан кейін үлкен-үлкен грузоперевозкамен, авиаперевозка келетін лайнерлерді қамтамасыз етеді. Европадан авиакомпаниялар, Америкадан, Тихоокеон өңірлерінен келетін мүмкіншілік береді.

Бұл маңызды жобаны 2026 жылы іске қосу жоспарланып отыр.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев