БҚО-да жеңісті жақындатқандар ардақталды
Батыс Қазақстан облысынан қан майданға 76 мың азамат аттанса, соның 36 мыңына туған жердің топырағы бұйырмады.
Елге есен оралған майдангерлердің 14-і ғана Жеңістің 79-шы көктемін қарсы алды. Бүгін Жеңіс алаңындағы мәңгілік алауға гүл шоқтары қойылып, өңір басшысы ардагерлерді мерекемен құттықтады.
Батысқазақстандық майдангерлердің ең үлкені – Иван Степанұлы Гапич. 102 жасқа аяқ басқан ардагерге былтыр Мемлекет басшысының Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы берілді. Ол 1941 жылы 18 жасында өзі сұранып, қан майданға аттаныпты. Арнайы құрылым қатарында жау тылындағы әскери-диверсиялық операцияларға қатысқан. Еуропаның бірқатар елдерін азат еткен. Мәскеуде өткен әйгілі Жеңіс шеруіне қатысқан.
Иван Гапич, Халық қаһарманы:
- Жеңіс парадына 1-ші Балтық майданы атынан қатыстым. Әлі есімде. Мен үшін өте қуанышты оқиға болды. Жеңіс күні – қасиетті күн. Жылда асыға күтемін. Жақын-жуықтарыммен, достарыммен атап өтемін. Бірақ майдангерлер, қаруластар мүлде аз қалды. Осы жасқа келуіме бала кезден спортпен айналысқаным, денсаулығымды күткенім себеп болды деп білемін.
Халық Қаһарманы Иван Гапичтың үйіне бүгін облыс әкімі Нариман Төреғалиев үйіне арнайы барып, Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізді. Жалпы өңірде 14 соғыс ардагері, 2494 тыл ардагері бар. Жеңісті жақындатуға үлес қосқандар қандай құрметке де лайық.
Нариман Төреғалиев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:
- Бір ғана мерекелік шараларда ардагерлерді еске алмауымыз керек, үнемі ардагерлер, тыл ардагерлері үлкен кісілерімізді мереке сайын емес, әр күні есімізден шығармауымыз керек және соларға үнемі көмектесіп отыруды Мемлекет басшысы тапсырып отырады. Елімізде тыныштық болсын, осындай жарқын, жақсы күндеріміз көп болсын дегім келеді.
Жеңіс күні өңір басшысы ардагерлермен бірге Жеңіс алаңына барып, мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Орал облысынан майданға 76 мың азамат аттанса, соның жартысына жуығы туған жерге оралмады.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов.