Елордада көшпелі оркестр ардагерді құттықтады
Елорда әкімдігінің көшпелі оркестрі соғыс ардагерін атаулы мерекемен ерекше құттықтады.
Өнер ұжымы майдангерге әуезді әскери ән арнап, ақжарма тілегін жеткізді.
Рзагул Байкешев – ғасыр жасаған қарт майдангер. Ақсақал биыл, бұйыртса, 101 жасын тойлайды. Қария небәрі 17 жасында соғысқа аттанып, Калинин облысындағы Рыжов және Великий Луг қалаларындағы ұрыстарға қатысқан. Польша, Румыния, Венгрияны азат ету шайқастарында алдыңғы шепте жүрді.
Рзагул Байкешев, соғыс ардагері:
- Соғыста болдық. Оның бәрін айта беретін ештеңе жоқ. Жақсылықты аз көрдік, қиыншылықты көп көрдік. Берлинге дейін жеттік.
Бүгін Жеңіс күнінің құрметіне майдангердің ауласына қала әкімдігінің оркестрі көшпелі концерт ұйымдастырды. Өнер ұжымы ардагерге әуезді әскери ән арнап, ақжарма тілектерін жеткізді.
Бағдат Атымтай, қалалық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы:
- Біз бүгін ардагерлерімізді ерекше форматта құттықтауды жөн деп шештік. Осылайша, майдангерлердің ауласында соғыс жылдарындағы әуендерді орындайтын оркестрдің қойылымы ұйымдастырылды. Бұл – арамызда жүрген және өмірден озған ардагерлерімізге деген шексіз құрмет. Мұндай іс-шаралар ардагерлер тұратын барлық үйлерде өткізіледі.
Қарияны құттықтап келген халықтың да қарасы көп болды. Жиналған жұрттың үлкені ардагердін әңгімесін тындаса, гүл құшақтаған балалар ақсақалдың батасын алды.
Сәуле Абай, ардагердің немересі:
- Атамыз бізде өте көңілді, әрдайым әзілдесіп отырады. Бүгін – Жеңіс күні. Біз жыл сайын дәл осы күні ешкімді шақырмасақ та, әрдайым дайындаламыз. Себебі айтпай құттықтап келетіндер көп. Біздің бүгінгі бейбіт өміріміз бен тыныштығымыз, бірінші кезекте, ардагерлердің еңбегінің нәтижесі.
Иә, қарты бар үйдің қазынасы бар. Бүгінде елордамызда 7 майдангер тұрады. Оларға құрмет көрсету – біздің перзенттік парызымыз.
Авторлары: Әлішер Әли, Абдулхамит Бөлекпаев.