Qarmet комбинаты 1 млн тонна болат өндірді
Қазақстанның ірі металлургиялық Qarmet комбинатының жұмысын жаңғырту жоспары бүгінде өз жемісін беріп отыр.
Өйткені жыл басынан бері зауытта болаттың алғашқы 1 млн тоннасы өндірілді.
Құрыш құюшы металлургтер 1 млн тонна болатты небәрі 3,5 ай ішінде өндірген. Осылайша, орташа айдағы өндіріс көлемі 300 мың тоннаға дейін өсті. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 50 мың тоннаға артық.
Андрей Берг, Qarmet болат департаментінің директоры:
- 2024 жылдың соңына дейін 3,5 млн тонна құрыш құю бағдарламасы қабылданды. Жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша кең ауқымды бағдарлама да қолға алынды.
Жоспар мұнымен шектелмейді. Мәселен, биыл мамыр айындағы көрсеткішті 326 мың тоннаға дейін арттыру көзделген. Өйткені қазір барлық 3 конвертердің жұмысы қалыпқа келтіріліп жатыр.
Ақан Еспотаев, Qarmet қызметкері:
- Компаниямыздың алға қойған мақсаты мен талабы биік. Біз өзімізге берілген тапсырмаларды бұлжытпай орындап келеміз. Қоймадағы қорымыз да жеткілікті. Жоспарлы және жоспардан тыс жөндеу жұмыстарын уақытылы өткізіп отырамыз.
Өндіріс көлемімен бірге сұраныс та артып жатыр. Мамандардың айтуынша, қазір бірінші кезекте ішкі сұранысты қамтамасыз ету тапсырмасы тұр. Әсіресе полимер жабынға және мырышпен қапталған өнімге сұраныс көп.
Назарий Марьенко, Qarmet компаниясының сату және маркетинг жөніндегі директоры:
- Қаңтар айында «Локализация» атты стратегия қабылданды. Бағдарлама бірінші кезекте Қазақстанның металға деген ішкі сұранысын толық қамтамасыз етуге бағытталған. Биыл 4 ай ішінде сату көлемі былтырғы кезеңмен салыстырғанда 8%-ке өскен. Келесі нарығымыз – Орталық Азия. Мұндағы сату көлемі 15%-ке артып отыр.
Бүгінде Qarmet компаниясында 35 мың маман қызмет етеді. Өндіріс көлемі мен тың жоспарлар саны ұлғайған сайын білікті ұжым жұдырықтай жұмыла жаңа қарқынмен дами бермек.
Авторы: Мирлан Алтынбек.