Қызылордада «Набат» операциясы» фильмі көрсетілді

Қызылордада шынайы оқиғаға негізделген «Набат» операциясы» атты фильмнің көрсетілімі өтті.

Бұл туындыны Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақфильм» киностудиясы жарыққа шығарып отыр. Айтулы оқиға 1992 жылы Қызылорда облысында болған. Жедел іс-шаралар кезінде қылмыскелерді ұстауға тікелей қатысқан Ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының ардагерлері жаңа тарихи картинаны ерекше тебіреніспен тамашалады.

Ресейге этапталған 7 рецидивист қылмыскер вагонзак күзетшілерін өлтіріп, қашып шығады. Шым-шытырық оқиға осылай басталады. Тапанша, автоматпен қаруланған қарақшылар жолаушылар автобусын кепілге алып, өз талаптарын қоя бастайды. Фильмнен батырлық пен ерлікті, адами құнды қасиетті көруге болады, дейді кезінде «Набат» операциясына қатысқан сала ардагерлері.

Серік Досмағамбетов, ҰҚК облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Бұл фильмнің негізгі бізге ұрпақтар сабақтастығы дейді ғой, өзімізден кейінгі жас буынға берер тәрбиелік мәні өте зор деп ойлаймын. 

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 68-күні болған «Набат» терроризмге қарсы арнайы операциясы тарихи маңызға ие. Фильмнің шынайы оқиғаға негізделуі көрерменнің қызығушылығын оятары сөзсіз. Қызылордадағы көрсетілім барысында кинозалдың ішінде ине шаншар жер болмады. Экранға үңілген қауым әр эпизодты қас қақпай тамашалауға тырысты. 

Еркінбек Қойшыбаев, Ұлттық қауіпсіздік органының құрметті ардагері:

- Кино болғаннан кейін ішінде көркемдік жағы болады ғой. Болған жағдайға ұқсай ма, ұқсамай ма деп. И, ерлікті насихаттауға әбден болады. Жақсы әсерде болып тұрмын. 

Әмірхан Бәкірұлы, Ұлттық қауіпсіздік органының құрметті ардагері:

- Анау бас кейіпкерді кино аяқталған кезде залда отырғандар тұрып қол шапалақтады бас кейіпкерге. Бас кейіпкер ол біздің департаменттің бастығы Дауенов. 

Арнайы жасақтың көз ілеспес әрекеті нәтижесінде автобустағы қылмыскерлер залалсыздандырылып, 12 жолаушы дін аман кепілден босатылды. Адам шығынысыз өткен бұл операцияны кезінде шетелдің бірнеше арнайы қызметі үлгі еткен екен. Мамандардың айтуынша, фильм осынысымен құнды. 

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев