БҚО-да Отбасы күні атап өтілді
Мықты отбасы – мемлекет тірегі. Бүгінгі халықаралық отбасы күні Батыс Қазақстан облысында бірқатар мазмұнды, тағлымды шаралармен айшықталды.
Аймақ басшысы өнерлі, білімді ұрпақ тәрибелеп отырған ата-аналарға алғыс айтты. Ал Салтанат сарайында неке қиып жатқан жас жанұяларға сый-сияпат көрсетілді.
Орал өңірінде 13586 көп балалы отбасы болса, соның ішінде 6558 ана «Алтын» және «Күміс алқа» тағып, «Батыр ана» атаныпты. Ұрпақ тәрбиелеудің ұлы міндет екенін терең түсінетін 10 шақты отбасыны бүгін облыс әкімі қабылдады. Солардың бірі – Жұматаевтар жанұясы. 8-сыныпта оқитын балалары Бекзат жуырда Қызылордада өткен айтыста жарқырай танылыпты. Жүлдесін елге арнапты.
Бекзат Баян, жас ақын:
- Арнайы жүлде алған едім. Жүлде қоры 100 мың теңге болатын. Жүлдемді алған кезде суға кетіп жатқан елім есіме түсті және соларға жүлдемді ұсынайын, көмек қолымды созайын дедім. Су кешкен кісілерге, ер адамдарға, яғни комбинезон, су етік алып берген болатынмын.
Ал Радомир Гулембо 7 жасынан бастап скрипканы серік етіпті. Бірқатар республикалық және халықаралық байқауларда топ жарған екен.
Александра Ермакова, анасы:
- Біз баламызды мақтан тұтамыз. Облыста гран-при алды, Мәскеуде байқауға қатысты. Ұстаздарына және осы баламыздың талантын танытуға мүмкіндік берген елімізге алғыс айтамыз.
Талантты ұл-қыз тәрбиелеп отырған отбасылармен кездескен облыс әкімі жастардың жан-жақты дамуына бар жағдай жасалғанын атап өтті. Бүгінде барлық ауданда дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынған. Облыста 5 Отбасы орталығы болса, биыл тағы үшеуі ашылмақ.
Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:
- Мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы да – осы Қазақстан халқына жасалып жатқан қызмет, оны жақсы білесіздер. Ол – әрбір отбасының жақсы өмір сүруіне жасалып жатқан жағдай.
Отбасы күні бүгін шаңырақ көтерген жас жанұялар да ұмыт қалмады. Осы бір айтулы күні неке қидырған жұптарға облыс басшылығы атынан сый-сияпат табысталды.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Э. Аюпов.