Көкшетауда елге танымал хирургтер бірқатар күрделі операция өткізді
Көкшетауда елімізге белгілі хирург дәрігерлер күрделі технологиялық бірнеше операция жасады.
Білікті мамандар тәжірибелерімен бөлісіп, шеберлік сағатын өткізді. Игі шара «Жедел абдоминалды хирургияның өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы аясында ұйымдастырылды.
Серік Тоқпанов жоғары санаттағы хирург дәрігер. Білікті маман өңештегі жараға операция жасады. Ол жергілікті дәрігерлерге күрделі отаның тың әдісін көрсетіп, тәжірибесімен бөлісті.
Серік Тоқпанов, медицина ғылымдарының докторы:
- Сондай операцияларды жергілікті хирургтар анда-санда жасайды. Өйткені бұрын көрмеген ондай операцияларды. Біздің міндетіміз үйрету.
Әр өңірден жиналған мықты мамандармен өңір басшысы да кездесті. Олар медицина саласын жетілдіру және жаңа технологияларды енгізу мәселесін талқылады. Қос тарап арнайы меморандумға қол қойып, ынтымақтастық көкжиегін кеңейтуге уағдаласты.
Марат Ахметжанов, облыс әкімі:
- Біз қазір жоспар жасаймыз. Келіп осы жерде бізде облыстық ауруханамыз Астана қаласы мен Қосшы қаласында орналасқан. Сондықтан жоспарлы келіп, көмектесіп, біздің мамандарды дайындайды. Бұл кісілердің қосатын үлесі мол деп есептеймін.
Нұрлан Жаров, облыстық көп бейінді аурухана директоры:
- Үлкен практикалық матер-класс өткізіп жатырмыз. 4 бағытта. Онкологиялық, нейрохирургия бағытында, жалпы хирургия мен видеоэндоскопия. Сынып сағаттар, науқастарға консультация. Жергілікті мамандарға үлкен серпін береді деп ойлаймыз.
Осылайша конференцияның алғашқы күні тәжірибе алмасуға арналды. Ал ертең Қазақстан мен ТМД елдерінің жетекші дәрігерлері саладағы қордалаған мәлеселерді талқылап, шешу жолдарын қарастырады.
Абзал Балтабаев, Евгений Шинкоренко