Абай облысында «Өрт-2024» оқу-жаттығуы өтті

Абай облысында «Өрт-2024» республикалық командалық-штабтың оқу-жаттығуы өтті.

Бұл жолы тактикалық жаттығулар «Семей Орманы» табиғи резерватының Бородулиха филиалының аумағында ұйымдастырылды. Оған 500-ге жуық адам қатысты. Бірінші күн теориялық сабақтарға арналса, бүгін азаматтық қорғаныс және өзге де күштердің табиғи өртке қарсы өзара әрекет ету тұстары пысықталды.

Сценарий бойынша резерваттың орман алабында қарағай өртенді. Екпінді жел салдарынан от тез арада жайылып, елді мекендерге қауіп төндірді. Бәрі былтырғы алапат орман өртінде болған жағдайға барынша шынайы келітірілді. Өртке кәдімгі ең қауіпті төртінші санат берілді. 

Дмитрий Гариков, облыс әкімінің орынбасары:

- Сценарий бойынша өрт Ресей Федерациясының аумағында тіркелді. Өрт сөндірушілер мен техниканы тартып, шұғыл әрекет етудің бірнеше әдісі сыналды. Бірінші кезеңде төрт жерден тұтанған өртпен күрес жүргізілсе, екінші кезеңде тұрғындарды Боровой және Дмитриев ауылдарына эвакуацияладық. Ал соңғы сатыда Ауыл станциясындағы техникаға жанармайды үстеп құю жағы пысықталды. 

Экология және табиғи ресурстар, қорғаныс және ішкі істер министрлігі тілсіз жаумен күресте бар әлеуетін көрсетті. Жаттығудың көздегені де осы. Түрлі сала қызметкерлерінің ортақ жұмысын жүйелеу. Жерүсті техникаларымен қоса, су төгетін құрылғылары бар төрт тікұшақ қолданылды. Ұшқышсыз ұшатын аппараттардың мүмкіндігі ұсынылды. 

Рамиль Камалов, ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызметтің комитет төрағасы:

- Жалпы іс жүзінде жіберілген кешіліктерге қарамастан жыл бойы Төтенше жағдайлар министрлігі экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп қыруар шаруа атқарды. Барлық әрекет ету алгоритмі ретке келтірілді. Біз соның бәрін қатаң назарда ұстауымыз керек.

Ерлан Құтпанбаев, орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті төрағасының орынбасары:

- Бүкіл азаматтық қорғаныс қызметінің жұмыстары бүгін көрінді. Сонымен қатар «Семей Орманы» резерваты жеке құрамының жұмыстарын да көрдік. Оқу-жаттығу ойдағыдай өтті деп ойлаймыз. 

Тұтастай алғанда «Өрт-2024» командалық-штаб жаттығуы кезінде барлық бөлімше алға қойылған міндеттерді сапалы атқарды. Былтыр болған алапат орман өртінен кейін орман шаруашлықтарының автопаркі айтарлықтай жаңарды. Бұл мақсатқа мемлекеттік бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінді. Арнайы техникалар мен орманшылар үшін жаңа киім-кешек сатып алынды.

Данияр Сұлтанұлы, Әсем Өтешева