Қарағанды облысында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға 26 жұмыс орны ашылады
Биыл Қарағанды облысында мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы жұмыс орындары құрылады.
Қазірдің өзінде мүмкіндігі шектеулі 8 азамат өзі қалаған жұмысына орналасқан. Ол үшін жергілікті әкімдік жұмыс берушіге субсидия бөліп отыр. Кәсіпкер үшін де, ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін де тиімді жоба былтыр сәтті жүзеге асқан болатын.
Теміртаулық Дмитрий Калинкин осыдан бірнеше жыл бұрын құрылыс басында жүріп бір көзінен айырылған. Бірақ жанарынан айырылса да, жұмыссыз қалмады. Көру қабылеті бұзылса да, түрлі жиһаздың дизайнын жасайды. Бұл жерге мансап орталығының көмегімен қаңтар айында орналасыпты.
Дмитрий Калинкин, Теміртау қаласының тұрғыны:
- Өзім қалаған жұмысқа орналасқаныма қуаныштымын. Осы жер ұнайды, түрлі дизайндарды жасау үшін арнайы бағдарлама орнатылған компьютер алып берді. Ұжыммен араласып, уақытымыз өте көңілді өтіп жатыр. Жұмыс ыңғайлы.
Цехта жұмыс істейтін 14 адамның 2-еуі – ерекше қажеттілігі бар азаматтар. Оларға тиімді жұмыс жағдайын қалыптастыру үшін арнайы құрал-жабдықтар сатып алынған. Оған жұмсалатын шығынды жергілікті әкімдік өтейді.
Сара Лещанова, кәсіпкер:
- Субсидияның арқасында жаңа жұмыс орнын аштық. Біздің мақсатымыз – пайда табу емес, керісінше, осы мүгедектігі бар жандарды жұмысқа тартып, әлеуметпен араластыру. Себебі аталған санаттағы азаматтарға өздігімен жұмысқа орналасу оңайға соқпайды.
Өткен жылы облыс бойынша мүгедектігі бар азаматтар үшін 12 жұмыс орны ашылған еді. Ал биыл жыл басынан бері Қарағанды, Теміртау, Балқаш қалалары мен Бұқар жырау, Абай аудандарында мүмкіндігі шектеулі 8 азамат жұмысқа орналасты. Өзара әріптестік аясында жұмыс орындарын құру үшін әлі де өтініштер қабылданып жатыр.
Нұржан Сыздықов, облыстық Еңбек мобильділігі орталығының директоры:
- Жұмыскердің айлық жалақысы да субсидияланады. Бірінші жылы – 70%, екінші жылы – 65%, үшінші жылы – 60%. Бірақ 30 айлық есептік көрсеткіштен аспайтындай төленетін болады.
Арнайы бағдарлама бойынша жұмысқа тұрған азамат еңбек шартын бұзған жағдайда оның орнына өзге адам орналастырылады. Бүгінде облыста мүгедектігі бар 55 мың адам болса, соның 36%-і жұмыспен қамтылған.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Гүлшаһира Серекбаева.