Жамбыл облысында ғылым және технологиялар жөніндегі кеңес құрылады

Жамбыл облысында ғылым және технологиялар жөніндегі өңірлік кеңес құрылады.

Ғалымдар мен әкімдік өкілдері ғылымның дамуы мен жаңалықтарын сан-салада қолдану жайын назарға алмақ. Бұл жайында Ұлттық Ғылым академиясы Президиумының көшпелі отырысында айтылды. Жиында өңірдегі ғылымды дамыту мәселелері қозғалды.

Аймақтағы ғылым жүйесінде ғалымдардың тек 35%-і жұмыс істейді. Қалғаны Алматы, Астана қалаларынды қызметте. Сондықтан ғылыми зерттеулерді қаржыландырудың 75%-ы сол қалаларға берілуде. Оған қоса жергілікті бюджеттен ғылымды қаржыландыру көлемі өте төмен. Бұл тенденцияны жою үшін, өңірлік кеңес құрып, оны облыс әкімі басқаруы керек, дейді Ұлттық ғылым академиясының президенті. 

Ақылбек Күрішбаев, ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті:

- Әкімдіктерде ғылымға жауап беретін тұлғалар жоқ. Қызметкерлер жоқ. Ешкім қарамайды. Ғылым өзімен өзі, ғалымдар жаңағы өңірлерде қандай мәселе бар екенінен хабарсыз. Ал енді жергілікті бизнес ғалымдардың мүмкіншілігін білмейді. Міне осы мәселені шешуіміз керек.

Бұл ұсынысты облыс билігі бірден мақұлдады. Жақын аралықта жергілікті мәслихат депутаттары, ғалымдар мен ірі бизнес өкілдерінен жасақталған өңірлік кеңес құрылатын болды. Оған облыс әкімі жетекші болмақ. Сонымен қоса кеңесті қолдау үшін арнайы қор ашылады деді, өңір басшысы Ербол Қарашөкеев. 

Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:

- Арнайы қор құрып, осы мақсаттарға ірі бизнес өкілдерін тау-кен өндірушілерді меценаттардың әлеуетін пайдалану шараларын қолға алуды қарастыратын боламыз. 100-200 миллиондай жыл сайын бөлінеді деп отырмыз ғой, бұл 018-бағдарлама бойынша бөлініп келеді. Сол ақшаны тиімді пайдалану мәселесін де қайта қарау керек.

Жамбыл облысы аграрлық өңір болғандықтан, ауыл шаруашылығын қолдауға баса мән берген. Мәселен, былтыр тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға 857 млн теңге бөлді. Сонымен қоса биыл облыстағы су үнемдеу технологияларын 47 мың гектарға енгізу жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы саласындағы статистиканы түзету бойынша өңір алдыңғы қатарға шыққан.

Мерей Бает Тимур Сейілхан Елдар Байділдә