Бала тәрбиесі – баршаға ортақ мәселе
Қызылорда облысында зорлық-зомбылық қылмыстары өткен жылмен салыстырғанда 5-тен 7-ге көбейген.
Балаларға қатысты нәпсіқұмарлық сипатындағы 2 күш қолдану жағдайы тіркеліп отыр. Сондай-ақ жыл басынан бері 5 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаған. Осыған орай облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бала тәрбиесі мен білім беру саласындағы өзекті мәселелер қозғалған кеңейтілген кеңесте, құқық қорғау органдарының жұмысын сынға алды. Сондай-ақ педагог-психолог мамандардың жұмысын жүйелендіру проблемасын көтерді.
Кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыс саны 30-дан 26-ға азайғанымен, ауыр қылмыс саны артып отыр. Топтық төбелес пен әлімжеттік салдарынан 3 оқушы көз жұмды.
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
- Жыл басында Сырдария ауданы Амангелді ауылында, наурыз айында Қызылорда қаласы Белкөл кентінде, күні кеше Шиелі ауданы Қодаманов ауылында болған бала өліміне қатысты жағдайлар ешкімді бей-жай қалдырмауы тиіс. Өкінішке қарай балалармен жасалған құқық бұзушылықтан бөлек педагогтар арасынан да қылмыстық әрекеттерге барып жатқандар бар.
Кеңейтілген кеңесте 8 лагерь мен 290 мектеп жанындағы орталықтарда балалардың жазғы демалысын қауіпсіз ұйымдастыру жайы талқыланды.
Нұрболат Дүйсенбаев, облыс прокурорының орынбасары:
- Жазғы лагерьлерді тексеру барысында санитарлық-эпидемиологиялық, өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келмейтіні анықталған болатын. Прокурорлық қадағалау актілері енгізілді. Бүгінгі таңда заңбұзушылықтардың барлығы жойылды. Дегенмен қазіргі таңда лагерьлердің қызметін бастамас бұрын арнайы мониторингтік топпен зерделеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Ілияс Жұмағұлов, полиция департаменті бастығының орынбасары:
- 25 мамырдан бастап әр мектепте учаскелік инспекторлар бекітіледі. Сол жерде 20 маусымға дейін кезекшілікте орын алады. Бітіру кештер жасалуы мүмкін. Егер ондай кештер болатын болса оларға сүйемелдеу жүргіземіз.
Аймақ басшысы өңірдің барлық елді мекеніндегі 171 мәдениет үйі жанынан құрылған «Адал адам» орталықтарында отаншылдық бағыттағы үйірмелер мен аналар және әкелер кеңесі жұмысын жандандыруды тапсырды.
Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев