Қызылорда облысында қылмыспен күресте жасанды интеллект қолданылады
Қызылорда облысында жыл басынан бері тіркелген құқық бұзушылықтың 27 пайызы алаяқтық дерегімен байланысты.
Өңірде ұялы телефон арқылы түрлі айла-амал жасап, қалта қағатындармен күресудің тың тәсілі енгізілмек. Ол үшін жасанды интелектті пайдалану жоспарланып отыр. Мұнан бөлек қызылордалық прокурорлар «Қылмыссыз ауыл – кемел келешек» жобасын қолға алды.
Қызылорда облысындағы 144 ауылдық округтың 49-ында соңғы екі жыл бойы қылмыс тіркелмеген. Ал 18 елді мекеннің дүкендері алкагольдік сусын сатудан бас тартқан. Арақ-шарап сатылмайтын ауылдарда құқық бұзушылықтың еселеп азайғаны байқалады. Бұл бастаманы қызылордалық прокурорлар «Қылмыссыз ауыл – кемел келешек» жобасы аясында жалғастыруды көздеп отыр.
Ризабек Ожаров, облыс прокуроры:
- Бұл облыстық прокуратураның бастамасы жергілікті ақсақалдар, әкімдік, полиция, мәслихат депутаттары, қоғамдық бірлестіктер тарапынан қолдау тапты. Өз кезегінде жеке кәсіпкерлер де игі бастамаға оң көзқарасын білдірді.
Дегенмен, алдап-арбап, сенімге кіріп, артынан қиянат жасайтындар айылын жияр емес. Аймақта тіркелген құқық бұзушылықтың 27 пайызы алаяқтықпен байланысты. «Қулығына құрық бойлатпайтын мұндай қылмыскерлерді анықтау үшін жасанды интелектің көмегіне жүгіндік»,-дейді прокурорлар.
Мәди Сәрпеков, облыс прокурорының орынбасары:
- Қай жерде де алаяқтық қолданған кезде, түрін білмейді, тек телефон мәліметтері ғана болады. Сол данныйларды анықтау арқылы оның кімге тіркелгенін тексеру арқылы осындай әрекет арқылы әшкереленеді. Біздің «IT тергеу» жобамыз толығымен жүзеге асқан кезде бүгінгі күнге тіркелген алаяқтық фактілер бойынша біршамасының ашылатынына сенім білдіреміз.
Облыстық прокуратураның мәліметіне сәйкес, биыл 2 мың 300 кәсіпкердің құқығы қорғалып, 10 инвестициялық жобаның жүзеге асуына кедергі болған заңсыздықтың жолы кесілген. Сонымен қатар заңға сай пайдаланылмаған 18 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин