Қостанайда баспана құрылысын мобильді топ бақылады

Қостанай қаласында биылғы тасқын кезінде 227 үйді су басты.

Техникалық сараптама қорытындысында соның 96-сы апатты жағдайда деп танылған. Баспанасыз қалған тұрғындардың басым бөлігіне пәтер сатып алынды. Жеке үй салып беруін қалағандар да бар. Тасқын зардабын жою мәселесімен айналысатын мобилді топ құрылыс алаңында болып, жаңа орынға қоныс тебетін жұртшылықпен жүздесті.

Қостанай қаласының тұрғыны Людмила Гавришканың баспанасы да тұруға жарамсыз деп танылды. Бау-бақша баптау сүйікті ісі болған соң таңдауы жеке үйге түскен. Болашақ баспанамның орналасқан жерін көріп, осында атқарылатын жұмыс ауқымымен таныстым, көңілім толады,- дейді ол. 

Людмила Гавришка, Қостанай қаласының тұрғыны:

- Үйіміздің іргетасы қаланып жатыр. Маған бұл жер ұнады. Жаңадан салынып жатқан аудан. Барлық жағдай жасалған. Мен ел басшыларына, бірінші кезекте қиын жағдайда қалған халыққа барынша көмек-қолдау көрсеткен Президентімізге алғыс айтқым келеді. Өте ризамын.

Үш-төрт жылдың айналасында жаңадан салынып жатқан Қонай шағын ауданында зәулім ғимараттармен қоса бір, екі қабатты жеке үйлер бой көтермек. Мектеп, балабақша мен басқа да әлеуметтік нысандар құрылысы қатар жүргізіліп жатыр. Бұл жерде жоба бойынша барлық үйлер дайын күйінде тапсырды. 

Арсайын Байдәулетов, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

- Барлық инженерлік коммуникациясы газ, электр, су, кәріз желісі тартылады. Сондай-ақ үйдің айналасы абаттандырылады. Кірер жолға тас төселіп, қоршалады. Оның бәрі жобада көрсетілген.

Облыс орталығында зардап шеккендердің жартысы алатын пәтерлерін таңдап үлгерді. Қалғандары жақын арада анықталады-дейді қала әкімі Марат Жүндібаев. 

Марат Жүндібаев, Қостанай қаласының әкімі:

- Бізде зардап шеккен 96 тұрғынның 80-і пәтер алуға келісім берді. Қазіргі кезде 24 пәтер сатып алынды. Оған 536 миллион тенге жұмсалды. Бұл жұмысты біз келесі аптада толық аяқтаймыз. Ал мынау тоғыз үйдің құрылысын шілде айында аяқтаймыз. Әрі кетсе бір жарым айда тұрғындар үйлерінің кілттерін қолдарына алады.

«Қонай» шағын ауданында зардап шеккендер үшін тоғыз үйдің құрылысы жүріп жатыр. Әрқайсысының құны 22 миллион 800 мың тенге. Оның бәрі «Қазақстан халқына» қайырымдылық қоры есебінен салынады.

Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров