Қазақстанның мұнай-газ саласында жергілікті тауарлар мен қызметтердің көлемі артып келеді
Қазақстанның мұнай-газ саласында жергілікті тауарлар мен қызметтердің көлемі артып келеді.
Жуырда елдегі ірі мұнай-газ жобаларының жер қойнауын пайдаланушылары отандық тауар өндірушілермен және қызмет көрсетушілермен 240 миллион доллардан астам сомаға келісім-шарт жасасты. Солардың бірі «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктесігі 12 қазақстандық компаниямен келісімге қол қойған.
«Теңізшевройл» ЖШС-мен келісімшартқа отырған қазақстандық компаниялар өндіріске қажетті материалдарды дайындап, тауарлар мен қызметтердің кең ауқымын ұсынады. Отандық кәсіпорындар күкіртті балқытуға арналған резервуарлар, фланецтер мен фитингтерге арналған материалдарды, технологиялық сүзгілер мен дәнекерлеу жабындарын және қазандыққа арналған бақылау жабдықтарын өндіреді. Сонымен қатар Теңіз кенішінде мұнай өндіруге қажетті инженерлік-инфрақұрылымдық жұмыстарды атқарады.
Бауыржан Нигметов, "Gradex" ЖШС бас директорының орынбасары:
- ТШО-мен ынтымақтастық арқасында жаңа технологиялар мен саладағы үздік тәжірибелерге қол жеткіземіз. Осы жобадан алған тәжірибе арқылы болашақта халықаралық нарыққа шығып, құрылыс жобаларына қатысуға мүмкіндік аламыз.
Индира Ыбраева, "Азияфильтр" ЖШС қаржы директоры:
- ТШО компаниясымен жұмыс істеу үшін біз әлемдік нарықтағы стандарттарға сәйкес сертификаттар алдық. Мамандардың тәжірибесін арттырдық.
ТШО компаниясы жергілікті тауарлар мен қызметтерді сатып алу үлесін 71% - ға дейін ұлғайтты. Бұл Атырау облысында ғана емес, Қазақстанның басқа да өңірлерінде экономикалық белсенділікті арттыруға мүмкіндік берді.
Көңілқош Сүйесінов, "Теңізшевройл" ЖШС бас директорының орынбасары:
- Теңіз күрделі кен орыны. Өндірісті қауіпсіз басқару үшін біз өзімізге де, мердігерлерге де жоғары талап қоямыз. Сатып алатын тауарлар мен қызметтердегі қазақстандық қамтудың жалпы деңгейін көтеруге септігін тигізетін мұндай ынтымақтастықты әрі қарай да жалғастырамыз.
Былтыр елімізде мұнай-газ саласындағы шетелдік компаниялар 6,7 трлн теңгеге тауарлар мен қызметтер сатып алса, оның 61%-і отандық тауар өндірушілер мен жұмыс берушілердің үлесінде.
Асланбек Шығыр, Амантай Матенов