БҚО-дағы Подстепное және Аңқаты ауылдарында 131 үй жаңадан салынады
Батыс Қазақстан облысында су тасқыны салдарынан 476 үй жарамсыз болса, соның 142-сі Теректі ауданында, деп хабарлайды 24KZ.
Мұндағы Подстепное және Аңқаты ауылдарында 131 үй жаңадан салынады. 11-і сатып әперіледі. Күні бүгін ауданда құрылыс қарқын алды.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Аядай ғана Аңқаты ауылының тұрғындары биылғыдай су тасқынын бұрын көрмегенін айтады. Қырдан құйылған қарғын су ойпаң жерде орналасқан көшені басқан. Облыстық маңыздағы жолды жырғасын ғана екпіні бәсеңсіпті. 38 үй суға кетсе, соның 23-і тұруға келмейді. Қазір жаңа үйлердің құрылысы басталды.
Серікқали Тұралиев, Аңқаты ауылының тұрғыны:
- Үйіміз 80 шаршы метр. 10/8 метр. Енді қазір де сол шамаға келетін сияқты. Енді жақында келіп қарап кетті. Не салса да, барына ризамыз ғой. Тамыздың аяғында деді. Сол уақытқа дейін орналассақ, ар жағында қыркүйек, қазанда малымыз бар, сарай, қора салып, дұрыстап орналасып алғымыз келеді.
Жанаргүл Қажымова, Аңқаты ауылының тұрғыны:
- Күнде келіп қарап тұрамыз. Күнде қандай жұмыс жасағанын көріп отырмыз, уақытында бітсе дейміз қыркүйектегі сабаққа жеткізбей. Жұмысты бастап кетті ғой, нәтижесін көретін боламыз.
Аңқаты ауылында жаңадан салынуы тиіс 23 үйдің 11-інің іргетасы құйылып жатыр. Мердігерлер баспананы уақтылы тапсырамыз дейді.
Рафик Мамедов, мердігер:
- 6 мамыр күні келіп, орнын белгілеп бастадық. Содан жұмыстар жүріп жатыр. Қабырғасын силикат кірпіштен қалаймыз. Ортасына жылу оқшаулағыш саламыз.
Асқар Хайрекеев, Аңқаты ауылдық округінің әкімі:
- Халықтың көңіл-күйі қазір жақсы үй салып жатқан соң Үйлердің қожайындары келіп, сұрақтарын қойған, қазір риза болып кетті. Үйдің фундаменті құйылып жатыр. 1 қыркүйекке дейін үй тұрғызылады.
Теректі ауданы бойынша 650 үй суға кетсе, соның 131-і жарамсыз. 508 үй жөнделмек. Күні бүгін қалпына келтіруге қажетті қаржы тұрғындардың есепшотына аударылуда. 68 тұрғынға 145 миллион теңге төленіпті.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Э. Аюпов