«Халық заңгері»: Алматыда 1500-ге жуық адамға тегін көмек көрсетілді
Алматыда 1500-ге жуық адамға тегін заңгерлік көмек көрсетілді, деп хабарлайды 24kz.
«Халық заңгері» республикалық акциясының мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Мемлекеттік қызметкерлер, адвокаттар мен заңгерлер тұрғындардың сан түрлі сұрақтарына жауап берді. Іс-шара Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Zakon.kz порталының, «Параграф» ақпарттық жүйесінің және Әділет министрлігінің қолдауымен өтті.
Заңгер көмегіне жүгінушілер көп. Арасында тұрмысы төмен отбасылар, жетім-жесірлер, жастар мен өзге де көмекке мұқтаж жандар бар. Олар баспана алу, коммуналдық шаруашылықта туындайтын түсінбеушіліктер, салық және әлеуметтік төлемдер жөніндегі сұрақтарын қойды. 40-тан астам мемлекеттік мекеме мен 100-ден астам білікті заңгер барлық сұрақтарды қарастырып, кеңес берді.
Қанат Сәлімбаев, қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басқарма басшысы:
- Сұрақ біздің қызметке байланысты болса, біз өзіміздің тікелей бақылауымызға аламыз. Кейбір кезде көбінесе сұрақтар жергілікті әкімшіліктерге байланысты, полиция қызметіне байланысты. Сол ведомствоға арыздарын жолдап, кейіннен бақылауға алынып, ақпарат жолданады.
«Халық заңгері» акциясын өткізу дәстүрге айналды. 2016 жылдан бері науқанға 8000-нан астам сарапшы, мемлекеттік мекеме қызметкері, заңгер қатысты. Осы күнге дейін 165 000-нан астам азаматқа құқықтық көмек көрсетілген.
Михаил Коломин, Zakon.kz порталының бас директоры:
- Бұл іс-шра еліміздің ірі қалаларымен бірге шалғайдағы 200-ге жуық елді мекенде өтті. Заң бәріне ортақ. Акция аясында ауыл тұрғындары да құқықтық көмек алып жатыр. Биыл су тасқыны болған елді мекендерді қамтуға тырыстық.
Кез келген азамат еліміздің ең үздік заңгерлерінен тегін, қажетті кеңес ала алады. Олардың арасында белгілі адвокаттар, нотариустар, прокурорлар, тергеушілер, сот орындаушылары бар. Жалпы іс-шара барысында 1,5 мыңға жуық тұрғынға құқықтық көмек көрсетілді.
Авторлары: Алмас Садуақас, Валентин Лобанов