Қазақстан 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына толық қол жеткізбек
Елімізде өндірілген энергияның 6%-ін жаңартылған қуат көздері құрайды, деп хабарлайды 24kz.
Үкімет 2030 жылға дейін баламалы энергия үлесін 15%-ке жеткізуді көздейді. Бұл туралы Qazaq Green Fest 2024 III Халықаралық іскерлік фестивалінде айтылды. Ауқымды шарада бас қосқан сарапшылар жаңа технологияларға көшудің қыр-сырын талқылады. Мамандар «жасыл» энергетиканы кәдеге жарату үрдісі елімізде қарқынды дамып келе жатқанын айтты.
«Жасыл» энергетикаға арналған Qazaq Green Fest Халықаралық іскерлік фестивалі жыл сайын сала мамандарының басын қосатын бірегей алаңға айналды. Шараға елімізбен қатар әлемдегі «жасыл» экономикаға ұмтылған мемлекеттік және көптеген қоғамдық ұйымның білікті мамандары қатысты.
Нұрлан Қапенов, «Qazaq Green» ЖЭК қауымдастығы директорлар кеңесінің төрағасы:
- Бүгінде жаңартылған энергия көзі секторының алдында маңызды міндеттер тұр. Яғни, жаңа өндіруші қуаттарды енгізу есебінен елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету көзделген. Сондықтан біз баламалы энергияны көміртегі бейтараптығына қол жеткізетін ең тиімді құрал деп санаймыз.
Қазақстан – Париж келісімін ратификациялаған санаулы елдердің бірі. Әрі 2060 жылға дейін көміртекті бейтараптық стратегиясын қабылдаған Орталық Азия өңіріндегі бірінші ел. Сондықтан еліміз үшін жел және күн энергетикасын дамытудың маңызы зор.
Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика вице-министрі:
- Мемлекетаралық келісімдер бойынша жасалып жатқан 3-4 гигаваттық жобалар іске асырылады. Одан кейін біз осы 18 жылдан басталған аукциондардың негізінде жасалып жатқан жобалардың арқасында біз осы 2030 жылы осы мемлекеттік басшылық қойған 15%-ке жету мәселесі, өйткені ол бірінші экологиялық мәселе бүкіл әлемнің, сондықтан оған біз келе жатырмыз.
Жаңартылған қуат көзін өндіретін компаниялардың көбі еліміздің оңтүстік аймақтарында шоғырланған. Жалпы республика бойынша бүгінде 148 баламалы энергия өндіретін нысан жұмыс істеп тұр.
Қайрат Мақсұтов, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы:
- Біздің ел 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына толық қол жеткізбек. Ол үшін «жасыл» энергетиканы қарқынды дамыту жолдарын қарастырып жатыр. Қазір де салада ілгерілеушілік бар. Ұсынылған тың жобаларды жүзеге асыру арқылы экологияның сапасын жақсартып, сын-қатерлердің алдын алуға септігін тигізеді.
Күн, жел және судан қуат көзін өндіру ол – уақыт талабы. Бұл тұста қазақ елі «жасыл» энергетика үшін қажетті барлық шикізат қорына бай. Демек, баламалы энергияның болашағы зор.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы Артур Горшняков