Huawei Roadshow ауқымды сапары елордада қорытындыланды
Huawei компаниясы Орталық Азияның 8 еліне ауқымды сапар ұйымдастырды, деп хабарлайды 24kz.
Шара елордада қорытындыланды. Жаһандық компанияның өкілдері өз серіктестеріне заманауи технологияларды енгізу жайындағы тың жобаларын таныстырды. Бүгінде Huawei өзінің ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту саласындағы озық идеялары және инновациялық шешімдерімен танымал.
Huawei компаниясының өкілдері бұған дейін Алматы, Шымкент, Атырау және Ақтөбе қалаларын аралап үлгерді. Онда 400-ден астам серіктес бас қосып, білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік басқару салаларындағы технологиялық мүмкіндіктерді талқылады. Роуд-шоу аясында еліміздің IT-мамандары компания сарапшыларынан кеңес алып, ой бөлісті.
Чжу Цзян, Huawei Қазақстан өкілі:
- Біздің ең басты артықшылығымыз – бұл әрине, өнімдеріміз бен жабдықтарымыз. Себебі қауіпсіздік маңызды. Барлығыңыз білесіздер, дата-орталықтар мен жасанды интеллект үшін дамыған инфрақұрылымның болуы маңызды. Екіншіден, бұл – өндірістің сенімділігі. Үшіншіден, баға шарттары. Серіктестеріміз үшін тиімді саясат қалыптастырғанбыз. Бізбен жұмыс істеу барысында пайдаға шығады.
Компания заманауи білім беру платформаларын, сондай-ақ, медицина саласына жасанды интеллектіні енгізу жобаларын да таныстырды.
Нұрлан Смайылов, серіктес:
- Мен бұл компаниямен 2017 жылдан бері бірлесе жұмыс істеп келемін. Көптеген жобаларды іске асырдық. Бұнда келген мақсатым – мамандармен танысып, жаңа бағыттарды білу. Сонымен қатар коммерциялық сектордағы бизнесаралық келіссөздер. Жүйелік оператор компаниясынанмын. Яғни, жүйе, ақпараттық қауіпсіздік және бизнес процестерді автоматтандыруға мамандандырылғанбыз.
Шара барысында Huawei компаниясының үкіметтік және корпоративтік бизнес бөлімінің бас директоры Чу Лэй Қазақстанмен табысты ынтымақтастық орнатылғанын атап өтті. Серіктестік одан әрі нығаятынына сенім білдірді.
Авторлары: Рухани Асқар, Арман Ақшабаев