Ақтөбе облысында тасқыннан зардап шеккендер баспанамен қамтылып жатыр
Ақтөбе облысында көктемгі тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін жаңа үйлердің құрылысы басталып, мал шығыны өтеліп жатыр.
Тек Мұғалжар ауданының екі ауылында 14 баспана бой көтереді. Бұдан бөлек, 10-нан аса адам екінші деңгейдегі нарықтан қалаған пәтеріне қол жеткізді.
Жайнагүл Әуесбекованың үйіне іргедегі Жем өзені арнасынан асқанда су кірген. Салдарынан саман кірпіштен салынған баспанасы қазір тұруға жарамсыз. Тасқынның беті қайтқанына бір айдан астам уақыт өтсе де, ылғал тартқан қабырғалары әлі кеппеген. Алдағы уақытта бұл отбасы енді жаңа баспанаға көшеді.
Жайнагүл Әуесбекова, Жағабұлақ ауылының тұрғыны:
- Жаңа құрылыс бастап салып жатыр. Халықтың жағдайына қарап жатқанына баршасына рақмет айтамыз, өте қуаныштымыз. Бұйырса, енді жаңа үйге көшеміз, Алла бұйыртса. «1-2 айдың көлемінде бітіріп береміз», – деп айтып отыр. Бұл үйден енді керектерін аламыз. Ол жаққа барған соң енді қора саламыз.
Жаңабұлақ ауылында 50-ден астам үйге су кірген. Қазір баспанасынан айырылғандардың бір бөлігіне үй сатып алынып жатса, енді біріне жаңасы тұрғызылып жатыр.
Мерген Данайбеков, құрылыс компаниясының өкілі:
- 9 үйдің іргетасы қаланып, жұмыс басталды. Қазіргі уақытта бұл жерде 25 адам жұмыс істеп жатыр. Құрылыс материалдары жеткілікті. Ал бұдан бөлек, Бірлік ауылында да 5 үй салынып жатыр. Әзірге жер қазу, «подушка» құю жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жалпы Мұғалжар ауданы бойынша тасқыннан 76 үй зардап шеккен. Ал зардабын жою жұмысы аясында Болат Өтемұратов қоры мен BI Group компаниясы да қолдау көрсетіп жатыр.
Дархан Ермағанбетов, Мұғалжар ауданының әкімі:
- Жетеуіне біз жөндеуге жарамды деп қаражаттарын төлеп берген болатынбыз. Қалған 14 үй салынып жатыр жаңадан. Қалған 54 үйді біз осы аудан орталығы және де жан-жағынан сатып алып беруге құжаттарын дайындап, оның қазір бүгінгі күні 21-і сатып алынып берілді.
Ал комиссия тасқыннан келген шығынды анықтап, әрбір өтінішке қатысты мәселені толық шешу бойынша жұмысын жалғастыра береді.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев.