БҚО-да 50 отбасы баспанамен қамтылды
Батыс Қазақстан облысында су тасқыны салдарынан 480 үй жарамсыз деп танылды.
Оның 401-і жаңадан салынса, қалғаны тұрғындарға сатып алынады. Зардап шеккендерді баспанамен қамту Бөрлі ауданында қарқынды жүріп жатыр. Мұнда 50 жанұя жаңа пәтерлерге қоныстанды.
5 баланың анасы Ләйлә Жұмағалиева Пугачев ауылында тұрады. Биыл наурыз айында қырдан құлаған қарғын су қонысын қиратып кеткен. Шиеттей 5 баламен эвакуациялық пунктіні паналауға мәжбүр болды. Алдағы күнім қалай болады деп алғашында абдырап қалғаны рас. Бірақ ешкім де көмексіз қалмайды деген Мемлекет басшысының сөзі жігер беріпті. Міне, екі ай дегенде жаңа баспанаға қол жеткізді.
Ләйлә Жұмағалиева, Бөрлі ауданының тұрғыны:
- Жолдасым ауданда жұмыс жасайтын болғасын, ауданнан үйді қарайтын болып келістік. Өзіміздің ұсынысымызды, Ақсайдан үй іздейміз деп жауабымызды айтып. Осы үйге 25 млн сұрады, бірақ Үкіметтің беретіні тек 22,9 млн деп айттық. Үйді алдық, бүгін үшінші түн түнеп шықтық. Алғысымызды білдіреміз.
Бөрлі ауданында 370 үй суға кеткен еді. Соның 126-ы жарамсыз. Кеңтүбек, Ақсу, Пугачев және Аралтал ауылдарында күні бүгін 60 үйдің құрылысы басталса, 66 үй Ақсай қаласынан сатып әперілмек. Қазір 50 пәтерге келісімшарт жасалып, қаржысы түгел аударылған. Қажетті сома Қарашығанақ кенішін игеруші инвесторлар есебінен қаралған.
Еркебұлан Ихсанов, Бөрлі ауданының әкімі:
- 46-на 1 млрд 70 млн теңге көлемінде ақша төленді. Ақжайық қорынан келісімшарт жасасып, зардап шеккен тұрғындардың атына аударылды. Президент айтты «көктемгі судан зардап шеккен еш отбасы, еш тұрғын мемлекет қолдауынсыз қалмайды» деп. Бюджет тарапынан, ірі кәсіпкерлер тарапынан демеушілер есебінен барлық жағдай, көмек көрсетіліп отыр.
Биылғы тасқыннан Қаратөбе, Сырым, Теректі, Бөрлі аудандарына айтарлықтай зиян келді. Аталған аудандарда 401 үй жаңадан салу, 79-ын сатып әперу жоспарланған.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов.