Шымкентте «Хам кафе» комедиясының тұсаукесері өтті
Режиссер Дархан Сәркеновтың туындысы шағын кәсібін дамытудың ерекше әдісін тапқандар туралы.
Шымкенттік көрермен көпке танымал кино актерлермен жүздесіп, мәре-сәре. Өнерпаздар «Хам кафе» комедиясының премьерасына келгендермен суретке түсіп, кино әлеміне қатысты сауалдарға жауап берді.
Еркебұлан Тоқтар, актер:
- Киноны 13 күнде түсірдік. 13 күнде, бірақ ауқымды жақсы бір проект жасап шықтық деп ойлаймын. Басты кейіпкері жмот жігіт. Тойға дайындалып жүреді, бірақ тойға ақша құртқысы келмейді. Қалғанын кинодан көретін шығарсыздар енді.
Еламан Есентаев, актер:
- Мен бұл фильмде Тоха деген официанттың рөлін сомдаймын. Өте ақкөңіл, досқа адал жігіт. Киноның түсірілімі ондай қиын болған жоқ. Бірақ қиын сәттері де болған. Төбелес сахналары, киноны көрсеңіздер, түсінетін боласыздар. Жалпы кино достық жайлы десем болады. Сосын екі бизнестің бір-бірімен жарысуы жайлы.
Ия, бизнес арасындағы бәсеке кино сценарийіне арқау болған. Көрші дәмхананың тасы өрге домаласа, дәл жанындағы дәмхананың жолы болмады. Өзгенің бизнесінің өркендегені қытығына тисе керек - бірде әкімші келушіге дүрсе қоя берді. Дөрекі қылығы әлеуметтік желіде тарап кетеді. Қызық осы жерден басталады.
Банука Оралқызы, көрермен:
- Кино өте күшті. Состав мощный. Халыққа берері бар, мықты актерлар. 10 да 10.
90 минутқа жалғасатын фильм 13 маусымнан бастап Қазақстанның барлық кинотеатрында ұсынылады.
Бақыт Топтаева, Самат Қазанбаев