«Таза Қазақстан» экоакциясына ақтөбеліктер белсене қатысып жатыр
«Таза Қазақстан» республикалық акциясына ақтөбеліктер белсене қатысып жатыр.
Бүгін қаладағы бірнеше саябақ пен гүлзарды тазалау және абаттандыру ісіне мыңнан астам адам қатысты. Олардың көмегімен 120 тонна қоқыс жиналды. Экологиялық акция басталғалы өңірде заңсыз қоқыс төгетін орындар азайған.
«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы кезекті шараға жұртшылық ерте жиналды. Олардың арасында мемлекеттік қызметшілер, коммуналдық мекеме, білім беру орындары мен кәсіпорындардың еңбек ұжымдары, және денсаулық сақтау ұйымының өкілдері бар. Олар қала тұрғындары мен қонақтары үшін сүйікті орынға айналған ең үлкен саябақ аумағын тазалауға үлес қосты.
Жасұлан Ысқақов, электр энергиясымен қамтушы компания инженері:
- Біз бүгін саябаққа мекемеміздің атынан 15 адамдай келіп отырмыз. Сол белгіленген учаскемізді бәрін тазалап, жиыстырып жатырмыз. Елімізде әрдайым тазалықта, тәртіпте бірге болайық!
Бижан Қалмағанбетов, облыстық мәслихат депутаты:
- Жас ұрпаққа біз сияқты азаматтар, біздің буын үлгі көрсетуі керек. Сол бағытты бүгін «Таза Қазақстан» акциясы өтіп жатыр. Бізде қала тұрғындары да сол қаланы таза ұстауымыз керек.
Триатлон саябағы мен «Ғашықтар» аллеясы да назардан тыс қалмады. Мұнда да түрлі сала қызметкерлері мен «Жасыл ел»жасағының мүшелері қоқыс пен сынған тал-теректі жинап, гүлзарды абаттандырды. Жүргіншілер жолы түгел тазартылды. Ал, экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған бастама аясында қала аумағында заңсыз қоқыс төгілген алаңдар азайған.
Асхат Шахаров, облыс әкімі:
- Сенбіліктер ол тек бір күндік жұмыс болса, біз күнделікті осы жұмысты атқаруға халыққа жеткізіп отырмыз. қаланың өзінде тек 500-600 тонна күніне шығарады қазір қоқысты. Осы акция аясында да жалпы халық жақсы қабылдап, біраз қоқыстарды шығарып отыр.
Облыс орталығындағы 80-нен астам көшенің тазалығына жергілікті кәсіпорындар жауапты. Бұдан өзге, қоқыс жәшіктерінің жеткілікті болуы, қоғамдық орындардың тазалығы жіті бақылауда.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков