Алматыдағы саябақта «Мәңгілік алау» табиғи газға қосылды
Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшы саябағындағы «Мәңгілік алау» табиғи газға қосылды, деп хабарлайды 24kz.
Бұл әлеуметтік жобаны «QazaqGaz Aimaq» компаниясы қала әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырды. Бұған «Самұрық-Қазына» қоры да қолдау танытты. Осы күнге дейін алау жанып тұруы үшін сұйытылған газ пайдаланылып келген. Енді табиғи көгілдір отынның үздіксіз берілуін Ұлттық газ тарату операторы қамтамасыз етеді.
Енді Мәңгілік алауға қар мен жаңбыр кедергі емес. Сөнбейді. Мәңгі жанып тұрады. «QazaqGaz Aimaq» компаниясының мамандары осылай дейді. Олар газ жабдықтарын жөндеп, газ құрылғыларын жаңартып, қайта қалпына келтірді.
Қайыржан Есім, «Qazaqgaz Aimaq» АҚ Алматы өндірістік филиалының бас инженері:
- Бұл жерде 1975 жылдан бері сұйық газбен пайдаланып келген. Газ құбыры ескірген. Сондықтан «QazaqGaz Aimaq» өзінің қаражатына табиғи газға ауыстырды. 1627 800 метрдей тарттық жерастымен. Бір айдың ішінде бітірдік. Жұмысы бар. Жобасы бар, бәрін қосқанда.
Махмұт Телеғұсов, «Офицерлер одағы» президиумының төрағасы:
- Қолайсыз ауа райы «Мәңгілік алауға» кедергісін келтіруі мүмкін. Бұдан былай алаңдамайтын болдық. Бұл саябақты көпшілік жақсы біледі. Бәрі осында келіп қан майданда қаза болған жауынгерлердің рухына тағзым етеді.
Бүгінгі күні жылыту маусымына дайындық қызу. Қазірдің өзінде 400 шақырымнан астам газ желісі тексерілді. 650-ге жуық газ тарату пункті жөнделді. Оған қоса жабдықтар ауыстырылып, жаңа құбырлар салынып жатыр.
Бауыржан Асқаров, «Qazaqgaz Aimaq» ақ бас директоры:
- Сол шаралардың аясында көп шаралар бар өтікізілетін. Үлкен бағдарламамыз бар. Жалпы айтатын болсақ, қыркүйек айына дейін толықтай 100% осы шараларымыз бітіруге міндет бізге. Бүгінгі таңда 50%-ке дейін жеткізіп отырмыз сол жұмыстарымызды.
Еліміз бойынша 69 мың шақырым газ желісі бар. Компанияның техникалық қызмет көрсету мамандары оның қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов