Қостанайда саябақтар қоқыстан тазартылды
Бүгін Қостанайда мемлекеттік қызметкерлер мен қала тұрғындары сенбілікке шықты, деп хабарлайды 24kz.
Бес жүзге жуық адам жағажай маңындағы Триатлон саябағын қоқыстан тазартты. Көптен бері күтімсіз қалған саябақты адамдардың серуендеп, демалатын сүйікті орынына айналдыру көзделіп отыр. Облыс басшысы бастап шыққан тазалық акциясына біздің тілшіміз де қатысып қайтты.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Қостанай қаласының аумағында төрт саябақ, 64 шағын бақ бар. Арнайы жоспар құрылып, екі жылдан бері сол саябақтар мен гүлзарларды абаттандыруға күш салынып жатыр. Жағажайға жақын орналасқан Триатлон саябағы ұзақ жыл қараусыз қалғандықтан, жабайы тоғайға айналған еді. Биыл біршама тазарып, келбеті келіп қалды.
Азамат Бегалин, қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Триатлон саябағын қалыпқа келтіруге қомақты қаржы қаралып отыр. Өн бойына суару, жарықтандыру жүйесі орнатылады. Жаңа орындықтар қойылып, жан-жағы абаттандырылады. Балалар, спорт алаңдары болады. Және өзенге өтер жол салынады.
Облыс әкімінің өзі қолына ара алып, қалың өсіп кеткен ағаштардың бұтақтарын кесіп шықты. «Жалпы «Таза Қазақстан» бағдарламасы «лауазымына, жасына қарамастан елімізді, жерімізді таза ұстайық» деген ортақ мүддеге біріктіре алды», - дейді акцияға қатысушылар.
Қайрат Сүйіндіков, облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі:
- Президент жариялаған республикалық «Таза Қазақстан» атты бағдарлама халықты осы бір жақсы іске жұмылдырып, ортақ мақсатқа бағыттап отыр біздерді. Мен ойлаймын, осы жазғы маусымды қаланы, аудан орталықтары, әр ауылды осындай қарқынмен жүрсек, жақсы бір қалыпқа келтіреміз деп.
Облыс бойынша 300-ден астам саябақ және гүлзарды абаттандырып, жасыл желекті молайту міндеті тұр. Жалпы өңірде бұл жұмыстарға 11 миллиард тенгеден астам қаржы бөлінген.
Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:
-Тәртіп тазалық әрқайсымызға байланысты. Президенттің ұсынысымен басталған бағдарлама «Таза Қазақстан» бұл, әрине, ортаны тазалаумен ғана емес, бұл экологиялық мәдениетті қалыптастыру жөніндегі үлкен бағдарлама. Жалпы бағдарламаның бірінші күнінен бастап облыс бойынша 370 мыңнан аса азаматтар қатысып отыр бұл бағдарламаға. 113 қоқыс жиналып, қалған орын тазартылды.
Қостанай облысында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы басталғалы 175 мың тонна қоқыс шығарылып, 52 мың көшет егілді.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг