ШҚО-дағы Артемьев шахтасының қуаты артты
Полиметалл мыс-мырыш және қорғасынды жабық әдіспен өндіретін кен орнында «Екінші кезек» жобасы іске қосылды, деп хабарлайды 24KZ.
Яғни, кеніште осыған дейінгі жұмыстармен қатар тереңдегі кен қабаттарын игеру басталды. Бұл жаңа шахта ашылды деген сөз емес. «Бірақ ауқымы мен маңыздылығы жағынан одан кем түспейді», – дейді мамандар.
Шикізатың таусылуы – тау-кен байыту саласындағы барлық кәсіпорынға тән мәселе. Ал Шемонаиха ауданындағы Артемьев шахтасы осы тығырықтан шыға білді. «Шығыстүстімет» кәсіпорнының құрамына кіретін өндірісте «Артемьев кенішінің құрылысы. Екінші кезек» жобасы басталды. Яғни, бұдан былай неғұрлым терең қабаттардағы кен игеріледі. Бұл кеніштің қоры молайып, жұмыс істеу мерзімі кем дегенде 10 жылға ұзарды дегенді білдіреді. Кеншілердің айтуынша, жаңа жобаны жүзеге асыру үшін тыңғылықты дайындық жүргізілді. Жан-жақты геологиялық зерттеу-барлау шаралары жасалды.
Ильсур Даутов, «Шығыстүстімет» ЖШС басқарма төрағасы:
- Ауқымы бойынша, әрине, тағы бір шахта салғанмен бірдей. Дегенмен бұл – қолданыстағы кеніштің жалғасы. Аталған жоба құны – 500 миллион доллар. Шаруаны бірден бастап кеткеніміз жоқ. 12 жыл бұрын алдын ала барлау-бұрғылау жұмыстары жүргізіліп, қорға қатысты есеп-қисаптар жасалды. Тек содан кейін іске бел шеше кірістік.
Қосымша қуатқа көшу оңай болған жоқ. Құрылыс жұмыстары осыдан 5 жыл бұрын басталды. Осы күнге дейін шамамен 14 шақырымға жуық тау-кен қазбалары салынып, 520 000 текше метр тау жынысы шығарылды. Қыруар қаражатқа ең қажетті деген жабдықтар алынды. Шахтаның бас қосымша станциясы мен желдеткіш құрылғысы қайта жөнделді. Су тазарту, бетон араластырғыш торап құрылыстары да жүргізілді. Әсіресе терең қабаттарға ауа жеткізетін оқпан салу өте күрделі процесс болды. Оның тереңдігі – 742 метр, ал диаметрі – 7 метр. Алып құрылғы жедел сатымен де, баспалдақпен де қамтылған. Демек оқыс жағдай бола қалса, жұмысшыларды жедел эвакуациялауға мүмкіндік бар. Жалпы кеніштің екінші кезекке өтіп, жаңа қарқын алуы өндірісі көп өлке үшін аса маңызды. Әрі бұл көптеген кәсіпорындарға үлгі боларлық бастама.
Ермек Көшербаев, ШҚО әкімі:
- Біздің өңіріміз үшін, өздеріңіз білесіздер, біздің кәсіпкерлер өте маңызды, олардың тәжірибесі мол. Қазіргі кезде Глубокое, Шемонаиха аудандарында кейбір шахталар жабылуына байланысты, мынандай шахталардың ашылуына өте қуанышты болып отырмыз.
Жер астындағы құрылыс барысында талай қиындық туындады. Сулы тау жыныстары шаруаға көп-көрім кедергі келтірді. Бұдан бөлек, коронавирус пандемиясы да кесірін тигізбей қоймады. Логистика жағы күрделеніп, материал қымбаттады. Дегенмен апатты жағдайлар, шығын тіркелген жоқ. Ең бастысы, жаңа жоба шахтадағы 2,5 мың адамның жұмыс орнын сақтап қалуға ықпал етті. Кәсіпорынға қарасты бірнеше мердігер ұйымдарда мыңдаған адам жұмысын жалғастырып жатыр.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин.