«Ақтөбе жастары» тұрғын үй бағдарламасына құжат қабылдау басталды

Өңірлік жобаның екінші кезеңінде, ауыл тұрғындарына да мол мүмкіндік қарастырылған.

Биыл жергілікті бюджет пен «Отбасы банкі» қаражатынан 1 млрд теңге бөлініп отыр.

Бұл бағдарламаның талабына сай 18 бен 35 жас аралығындағы жастар құжат тапсыра алады. Бастапқы жарнасы 10 пайыз болса, жылдық үстемақысы 6 пайыз ғана. Жобаға денсаулық сақтау, білім, мәдениет, ауыл шаруашылығы, спорт салаларымен қатар жоғары оқу орындары және БАҚ қызметкерлері мен әлеуметтік сала мамандары қатыса алады. Үміткердің 16 млн теңгеге дейін несие рәсімдеуге мүмкіндігі бар. Биыл құжаттар электрондық портал арқылы қабылданады. 

Мирхан Ермағамбетов, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы:

- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәуекелді тию мақсатында және тәуекелдерді мүлдем болдырмау мақсатында қазіргі уақытта өңір басшысының тапсырмасына сәйкес арнайы Егов платформасымен интеграцияланған сайт өзінің жұмысын бүгіннен бастап бастады. Және бұл бағдарлама аясында бізде 26-тамыз аралығында осыған қатысуға өтінімдер қабылданады сайт арқылы. 

Былтыр «Ақтөбе жастары» бардарламасы аясында 42 адам баспаналы болды. Бұл жолы жергілікті билік 100 отбасын қамтуды көздеген. Жобаның тағы бір ерекшелігі ауыл мен аудан жастары санаттарға бөлінбейді. Басты талап – тұрақты табысы болуы ғана шарт. 

Айнұр Құлынтай, қала тұрғыны:

- Бағдарлама қазіргі жастарға үй алуға ең тиімді бағдарламалардың бірі деп есептеймін. Себебі пайыздық мөлшерлемесі аз. Және де қайталама нарықтан, яғни вторичка үйлер алуға мүмкіндік беріп тұр. Таныстарымның көбі мен үй алғаннан кейін сұрады. "Қалай алдың? Қандай құжаттар керек?" деп. Солардың бәріне құжат тапсырып, қатысуға кеңес беремін. 

Бағдарламаның екінші кезеңі туралы өңірлік Жастар істері жөніндегі кеңес отырысында мәлім болды. Өскелең ұрпақты қолдауға бағытталған тағы бірқатар шара жүзеге асырылған. Мәселен, «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты мен «Жасыл ел» жасақтары жүздеген жанды жұмыспен қамтып келеді. Жиында облыс әкімі аталған жобалардың белсенді өкілдеріне Алғыс хат табыстады. 

Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов