Атбасарда локомотив зауыты салынады

Атбасар қаласында локомотив құрастыру зауыты салынады.

Кәсіпорын жылына 300-ден астам дайын өнім шығарады. Ірі жоба жеке инвестиция есебінен жүзеге аспақ. Осы мақсатта облыстық әкімдік пен инвестор өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Сондай-ақ, шараға "Қазақстан Темір жолы" ұлттық компаниясы өкілдері де қатысып, қордаланған бірнеше мәселені талқылады.

Локомотив құрастыру зауытының Атбасар қаласында бой көтеруі бекер емес. Себебі шағын шаһарда темір жол саласы жақсы дамыған. Жаңа кәсіпорын да қаланың экономикалық әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді,-дейді билік өкілдері. Құны 47 млрд.теңге болатын зауытта 800-ге тарта жаңа жұмыс орыны құрылады.

Ернар Жаркешов, Ақмола облысы әкімінің орынбасары:

- Ақмола облысының әкімдік деңгейінде инвесторды «Ақмола инвест» бірыңғай орталығымыз арқылы сүйемелдейміз. Барлық жағдайларды жасап жатырмыз. Жер белгіленді Атбасар қаласында. Сондықтан бұл жоба үлкен серпіліс деп білеміз. Негізгі рөлі жаңа локомативтарды, тепловоз, электровоздарды салатын үлкен зауыт болып саналады. Сондықтан бұл Атбасар қаласын темір жол саласындағы үлкен бір орталығына айналады деп есептейміз. 

Кездесу барысында ақмолалық шаруалардың да көкейкесті сауалдары көтерілді. Егін орағы жақындаған сайын оларды астықты тасымалдау мәселесі алаңдатады. Бұл ретте "Қазақстан Темір жолы" ұлттық компаниясының өкілдері шаруаларға барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Игорь Пугачёв, шаруа:

- Қазақстан темір жолының өкілдері бізге барлық жағдайдын жасалатынын айтты. Дәл қазіргі уақытта осындай қолдаулар бізге ауадай қажет. Себебі биыл егіннің шығымдылығы жақсы. Астықты ішкі нарықтан бөлек, сырқа шығарғымыз келеді. Әсіресе, Өзбекстан мен Қытайдан сұраныс көп түседі. Сондықтан биыл осы тарапта ешқандай мәселе болмайды деп сенемін.

Бұдан бөлек Көкшетау және Атбасар қалаларының темір жол вокзалдары да күрделі жөндеуден өтеді деп жоспарланып отыр. Қазір жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр,-дейді мамандар.

Абзал Балтабаев, Виктор Полянный