Оралдың Жұлдыз шағын ауданында 192 отбасы баспаналы болды
Орал қаласында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың қоныс тойы жалғасуда.
Кеше Деркөл ықшамауданы мен Зашаған кентінде 183 үй пайдалануға берілсе, бүгін Жұлдыз шағын ауданында 192 жанұяға жаңа баспананың кілті тапсырылды. Ал облыс бойынша 4 аудан мен қалада 775 тұрғын үйдің құрылысы қыркүйекке дейін аяқталды.
Биылғы Жайық өзенінің тасуы, қауіпті деңгейден асуы дария жайылмасындағы бау-бақша серіктестіктерін мекендеген оралдықтарға оңай тиген жоқ. Суға кеткен саяжайлардың 2800-і азаматтардың жалғыз баспанасы деп танылса, соның 2305 -сі тұруға мүлде жарамсыз екен. Күні бүгін 1416 отбасына пәтер сатып әперілген. Сонымен қатар Орал қаласында 375 үй уақытында салынып бітті. Тұрғындар дән риза.
Қарлыға Жармұхамбетова, қала тұрғыны:
- Міне бүгін бәріміз көршілер болып, Жұлдыз шағын ауданына керемет жаңа үйге қоныстанып жатырмыз. Мемлекет басшысы сөзін жерге тастаған жоқ. Халықтың бәрі ризамыз. «Венера» саяжай тұрғындары атынан айтарымыз алғыс, үлкен рахмет осындай керемет сапалы үйге! Құрылыс материалдары өте сапалы.
Бүгін Жұлдыз шағын ауданында 192 отбасына баспана кілтін тапсырған өңір басшысы алдағы уақытта жаңа ауданның толық абаттандырылатынын айтты.
Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:
- Құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Үйге қатысты инженерлік желілері, газ-суын толық тартып бердік. Енді қазір жолға бүгіннен бастап кіріседі. Мына жерге халыққа қолайлы болу үшін асфальт салып берейін деп жатырмыз. Сонымен қатар Зашаған кенті Деркөл ауылдарына осындай асфальт салатын боламыз. Сонымен қатар мен жаңа айтып кеттім тұрғындарға болашақта келесі жылға өзіміздің жоспарымызға кіргізіп жатырмыз осы жерде адамдар көп қоныстанғандықтан, балалар ойнайтын ойын алаңын салып береміз.
Облыс бойынша тасқынға тап болғандарға 775 үй салынған еді. Барлығының да құрылысы аяқталыпты. Қаратөбе ауданындағы 90 үйдің кілті тұрғындарға қыркүйектің 3-і күні тапсырылмақ. Ал Орал қаласындағы саяжай иелеріне пәтер сатып әперу жұмыстары алдағы аптада аяқталмақ.
Е. Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Э. Аюпов