Ақмола облысында отыз отбасы баспаналы болды

Ақмола облысында тасқыннан зардап шеккен 30 отбасы қоныс тойын тойлады.

Бұл жолы Жарқайың ауданына қарасты Пригородое ауылының тұрғындары баспаналы болды. Сондай-ақ, осы айдың басында Бұланды және Есіл аудандарының 30 жанұясы жаңа қонысқа қол жеткізді. Қазір тасқыннан зардап шеккен өңір тұрғындарының 90 пайызы баспанамен қамтылды.

Көктемгі тасқын кезінде Пригородое ауылындағы 105 үйді су шайып кетті. Соның 55-сі тұруға жарамсыз деп танылған. Бүгінге дейін 25 отбасыға аудан орталығынан жаңа пәтер сатып алынды. Ал, 30 жанұяға ауыл іргесінен осындай қос пәтерлі 15 үй салынып, пайдалануға берілді.

Валентина Қаратаева, Пригородное ауылының тұрғыны:

- Қуанышымызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жаңа баспанамыз өте жайлы. Барлық заманауи стандарттарға сай салынған. Қиын сәтте қолдап, көмек берген барша жақындарыма, Мемлекет басшысына алғысымды айтамын.

Жаңа баспаналардың құрылысына «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры есебінен 680 млн теңге бөлінді. Ал тұрғын үйлерді абаттандыру мен жолын салуға жергілікті билік және бизнес өкілдері сеп болып отыр.

Бауыржан Оразғалиев, "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры орталығының басшысы:

- Бізге 8 миллиардтан астам қаржы түсті. Оның ішінде Ақмола облысына қоғамдық қор тарапынан 3,5 млрд.теңге жұмсадық. Яғни бұл жерде 144 тұрғын үй 5 елді мекенде. Оның бірі осы Жарқайың ауданында және Бұланды ауданында 4 елді мекен. Қазіргі таңда үйлердің жартысы пайдалануға берілді.

Жалпы аймақта тасқыннан зардап шеккендерге 330 үй салынды. Қазір соның 292-і пайдалануға берілді. Қалған 38 отбасы жақын күндері қоныс тойын тойлайды деп жоспарланып отыр.

Абзал Балтабаев, Евгений Шинкареко