Алматының 28 панфиловшы саябағындағы мемориалға гүл шоқтары қойылды
Қазақстан, Ресей, Белорус елдерінің өкілдері Алматыда 28 панфиловшы саябағындағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқандар мемориалына гүл шоқтарын қойды.
Халықаралық шара Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналды. Шара аясында ресейлік делегация Дубосеково майданында қаза тапқан отандастарымызға құрмет ретінде сол жердің топырағы салынған капсуланы тапсырды.
Келер жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл толады. Айтулы датаға орай ТМД елдері көлемінде халықаралық шара басталған болатын. Игі бастама Алматы қаласында да жалғасын тапты. Шараға қатысушылар сұрапыл жылдарда майдан шебіннен табылған отандастарымызды бір минут үнсіздікпен еске алып, ерлік жайлы естеліктермен бөлісті.
Бақтықожа Ізмұхамбетов, ҚР "Ардагерлер ұйымы" республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
- Ұлы Отан соғысы деп аталған бұл үлкен сұрапыл соғыста ең алдыменен қиыншылық та көрген, сол соғыстың ең көп азабын тартқан бұл Совет Одағы болды. Осы жеңістің арқасында тек Совет Одағының ғана емес, көптеген ондаған елдерді фашизмнен құтқарды.
Шараға арнайы келген ресейлік делегация майдан даласының топырағы салынған капсуланы тапсырды. 1941 жылдың қарашасында Дубосеково разъезінде 28 панфиловшылар жауынгерлері жауға қарсы тұрып, шайқасқан болатын. Отандастарымыздың ерлігіне құрмет ретінде әкелінген капсула Алматы қаласының Орталық зиратына жерленеді.
Василий Волков, ТМД Елдері ардагерлері халықаралық одағы үйлестіру кеңесінің төрағасы, генерал-полковник:
- Дубосеково жерінде басқа ұлттармен қатар қазақстандық жауынгерлер де оққа кеудесін тосып, Мәскеуді қорғады. Сол киелі жердің топырағын батырларды өмірге әкелген Қазақстанға тапсыруды жөн көрдік.
Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1 миллион 200 мыңнан астам адам қатысып, олардың жартысы ұрыс даласынан оралмады. 500 жауынгер Кеңес Одағының батыры атағына ие болды. Шара қатысушылары соғыс тарихына арналған музейді аралап, сұрапыл жылдар жайлы сақталған деректерге қанықты.
Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов