352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан. Тәуелсіздік. Астана» ұғымдарын бөліп-жаруға болмайды

  • 324

Бүгін еліміздің ең үлкен байрағы көкке көтерілді. Жылда қала күнін тойлауды ресми бастайтын шараға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

Салтанатты шара барысында Елбасы барша қазақ елін елорданың 20 жылдық мерейтойымен құттықтады. Сондай-ақ әскери оқу орнын аяқтаған курсанттарға лейтенант шенін табыс етті. Әскери оқу орнын енді ғана бітірген курсанттар үшін бүгін – естен кетпес ерекше күн. Темірдей тәртіпке үйренген олар шара басталар сәтті асыға күтіп, саптық дайындығын әбден пысықтады. Бойларынан қобалжу байқалуы да бекер емес. Себебі курсанттар сәлден кейін Елбасы әрі Жоғарғы бас қолбасшымен жүздесіп, оның қолынан офицер шенін алады. Ал бұл атақты бұған дейін иеленгендер өзге де маңызды шараға қызу дайындық үстінде. Дәлірек айтқанда, олар көк байрақты көтеру рәсімін сән-салтанатына сай өткізіп, кіші буынға үлгі-өнеге көрсетуі тиіс.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайын қала күнін тойлау рәсімдерінің басталғанын осы алаңда жариялайды. Биыл да бұл дәстүр үзілген жоқ. Бір ерекшелігі, Астананың бас қала болғанына 20 жыл толғандықтан, оған ерекше мән-маңыз беріліп отыр.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазақстанымызды паш еткен дүниежүзілік жиналыстар өтетін жер, қуанышымыз болып саналатын Астанамызға – 20 жыл. Бәріміз көзбен көріп, қолмен ұстап, жарқыраған елордада тұрсыздар. Осы жылдың ішінде істеген шаруаларымыздың барлығы біздің желбіреген көк туымыздың астында өтіп жатыр. «Қазақстан, Тәуелсіздік, Астана» үш ұғым бірдей. Біздің бір ғана арманымыз бар. Тәуелсіздік, көк туымыз біздің мемлекеттігімізбен біртұтас ұғымға айналды.

Елбасы айтқандай, көк туымыз ешбір елдің байрағына ұқсамайды. Ол исі қазақтың бейбітсүйгіш әрі жаужүрек ұлт екенін жер жаһанға жария етіп тұр. Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістігімізге, бағындырған белесімізге де осы көк тудың астында өткен күндер куә. Айта кетейік, елорда төріндегі ту тұғырының биіктігі – 111 метр. Ал оған ілінген көк байрағымыздың ені – 15, ұзындығы – 30 метр. Салмағы – 95 келі.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ол БҰҰ бастаған барлық шетелдік елшіліктерде, шараларда көтеріледі. Сондықтан туды құрметтеу – Отанды сүю дегенмен бірдей. Біздің туымыз – болашаққа бастайтын, көтерілетін ту. Ата-бабаларымыз жорыққа аттанарда «туымыз қисаймасын» деп бата беретін. Ту елдікпен бірдей. Сондықтан біз жылда дәстүр бойынша осы туды көтереміз.

Рауан Мыңбаев, @MynbaevR

– Осымен еліміздің ең үлкен туы биік тұғырға көтерілді. Бұл салтанатты шара елорданың 20 жылдығын мерекелеу ресми түрде басталғанын айғақтады. Енді алдағы бірнеше күн бойы төр қаланың төл тойын тойлайтын боламыз.

Мемлекеттік ту көкке көтерілген соң, Президент дәстүр бойынша әскери оқу орындарын үздік бітірген түлектерге офицер шенін тапсырды. Жоғарғы Бас Қолбасшысыдан лейтенант атағын алу құрметі 12 сарбазға бұйырды. Енді бұл әскери қызметкерлер Отанына қалтқысыз қызмет етуі тиіс. Оны Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде еске салып, Қазақстанның қашанда қарулы күштер сапына сапалы кадрлар даярлауға баса көңіл бөлетінін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мен қазір келіп отырған оқу орындарының үздік жастарына ең тұңғыш офицерлік шенді берумен бірге, жастарымызды құттықтаймын. Сіздердің иықтарыңызға көп үміт артамыз. Отанымыздың тыныштығы, шекарамыздың шегенделуі біздің қарулы күштеріміздің қолында болады. Ертең келген жастарды тәрбиелейсіздер. Алдымен оларға аға болып, үйренгендеріңізді оларға үйретіңіздер.

Мемлекет басшысы әскерилердің қызметі бейбіт мақсатта жалғасуына тілектестігін білдірді. Дегенмен еліміздің қауіпсіздігі мен шекараның бүтіндігін қырағы қадағалауды міндеттеді. Жалпы әрбір сарбаз Жоғарғы бас қолбасшының қолынан әскери шенді алу зор құрмет әрі жауапкершілік екенін жақсы түсінеді. Солардың бірі – Қарағандыдағы ішкі істер министрлігі академиясының түлегі Жазира Ибрахим. Бала кезінен офицер болуды армандаған ол енді Түркістан облысы Сарыағаш қаласында қызмет етіп, қоғам тыныштығын қорғайды.

Жазира Ибрахим, лейтенант:

– Елбасымыздың қолынан әскери шен алу арман болып есептеледі. Қыз бала болсам да, өз еліме адал қызмет етіп, мемлекетіміздің өркендеуіне үлес қосқым келеді.

Бүгін лейтенант шенін алғандардың арасында, әке жолын қуып, әскери салада қызмет етуді перзенттік парызы санайтындар көп. Мәселен, жас офицер Алмас Көшербаев осыдан бірнеше жыл бұрын әкесіне берген уәдесін орындап, отбасын шат-шадыман күйге бөлеп отыр. Баласы үшін тақым қысқан ата-анасы да Елбасы алдында абыройлы атаққа ие болған перзентіне риза.

Эльмира Көшербаева, ата-ана:

– Бүгін қобалжып тұрмын. Мен үшін керемет күн. Елбасының қолынан осындай шен алғаныма жүрегім жарылып, сөз таппай тұрмын.

Алмас Көшербаев, лейтенант:

– Қарулы күштердің офицерлік құрамында қызмет етуге дайынмын. Жас сарбаздарға бар білген білімімді дарытуға, Отанымды қорғау жолында тайсалмай еңбек етуге әзірмін.

Елорда күні қарсаңында ұйымдастырылған шара осылайша тұтас ел мерейін үстем етіп, әскери салада жаңа кадрлар легінің қалыптасқанын көрсетті.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы