352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Б.Сағынтаев БҚО-дағы мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асу барысымен танысты

  • 273

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды.

Үкімет басшысы аудандарды аралап, жергілікті жолдардың жайы, мұнай-газ саласының дамуы және «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысының қарқынымен танысты. Облыс активі және кәсіпкерлермен өткен кездесуде Елбасы тапсырмаларының орындалу жайы талқыланды. 

Еліміздегі газдың 45%, ал мұнайдың 16% Қарашығанақта өндіріледі. Бүгінде экспортталатын конденсаттың жылдық көлемі 7 миллион тоннадан 10 миллионға жетті. Кен орнындағы «Конденсат» зауытында К5 класты бензин мен солярка алынады. Үкімет басшысымен кездесуде айтылғандай, бұрын шикізат тапшылығына байланысты зауыт өндірістік қуатына шыға алмай келсе, енді түйінді мәселе шешімін тапты. Шілдеде кәсіпорынға қосымша 15 мың тонна мұнай бөлінді. Инвесторлармен кездесуде қазақстандық мазмұнды арттыру туралы талап қойылды.

Мұнан соң Премьер-министр Орал-Тасқала күре жолының құрылысын көріп қайтты. Ресейдің Саратов облысының шекарасына дейінгі трассаны жаңғыртуға  барлығы 24 миллиард теңге бөлінген. Өңірде кең ауқымды жол жөндеу жұмыстары келешекте жалғаспақ. Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша келер жылы шалғайдағы Жәнібек және Бөкей Ордасы аудандарына апарар 245 шақырым жолдың құрылысы басталады. Сондай-ақ таяу үш жылда Орынбор шекарасына дейінгі 141 шақырым жолды жаңғырту жоспарда. Соңғысына 17 млрд теңге қаржы қаралмақшы. Қарқынды құрылыс «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша да жүріп жатыр. Биыл облыс орталығында 21 көп қабатты үй бой көтереді.  

Оралдағы әскери кеме құрастыратын зауыттарды да қызу жұмыс күтіп тұр. Оларға қорғаныс саласынан қомақты тапсырыстар берілмек. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жобалық басқару кеңесінде айтылды. Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы талқыланған кеңесте атап өтілгендей алғашқы тоқсанда жобалық басқару нәтижесінде базалық индустриализация өсімі 20% құраған. Үкімет басшысы ішкі жалпы өнімді ұлғайту – басты мақсат екеніне екпін түсірді. Жаңа жұмыс орындарын құру, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау ісі де басты назарда болуы тиіс.

Хабар 24 телеарнасы