356.54 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстандық оқушылар Ұлыбританияның аэроғарыштық мектебінде тағылымдамадан өтті

  • 137

Қырыққа жуық қазақстандық оқушы Ұлыбританияның аэроғарыштық мектебінде тағылымдамадан өтті.

Олардың барлығы да – жас дарындар байқауының жеңімпаздары. Шетелдегі бұл сапар енді мамандық таңдауға көмектесіп, ағылшын тілдерін жетілдіруге және Крэнфилд университетінің әлемдегі ең үздік аэроғарыш мектебінде оқуға мүмкіндік бермек.

Ғалымжан Қараманұлы, twitter@baiimbet:

– Cranfield University – ғылым, инженерия, технология және менеджмент бойынша маманданған британиялық университет. Және жеке әуежайы мен ұшақтары бар елдегі жалғыз оқу орны. Олар аэроғарыштық технологиялар бағдарламасы бойынша оқытып, жүйені зерттеу үдерісінде пайдаланады.

Байқаудың арқасында оқушылар оқу базасында болып, білім ордасының ғылыми жетекшілерімен және оқытушыларымен кездесуге мүмкіндік алды. Аэронавтика орталығының бас лекторы Элестер Кук балаларға Jetstream жеңіл қос моторлы турбовинттік жолаушылар ұшағының ішкі құрлысы туралы айтып берді. Кейін оқушылар сол ұшу аппаратына мініп, арнайы тапсырма орындаулары шарт болды. Яғни аэрометрикалық құрылғылар мен жүйелердің көрсеткіштерін қағаз бетіне түсірді. Балалар қойылған міндетті мұқият орындап, өздерін бір сәтке болса да авиаинженер ретінде сезінді. Тәлімгерлер өз кезегінде олаға оң бағаларын беріп жатты.

Мудассир Лоун, Крэнфилд университетінің лекторы:

– Балалардың бойында бүгінде бар ынта-жігер мен құлшыныстың деңгейіне қарап, болашақтары жарқын екендігін айтуға болады. Олардан өте жақсы инженерлер шығады.

Сондай-ақ балалар өздерін ұшқыш ретінде де сынап көрді. Боинг-747-ні дәлме-дәл қайталайтын симулятордың көмегімен олар ұшу аппаратын қондыруды үйренді. Кейбірі тапсырманы мүлтіксіз орындап, болашағын осы мамандықпен байланыстырамын деп шешті.

Мәлика Ғабдулина, Орал қаласының өкілі:

– Негізі осы курстың алдында мұндай армандар болмаған. Бірақ енді сондай ойлар пайда болып жатыр.

Елдос Егізбаев, Шымкент қаласының өкілі:

– Крэнфилд университетінде ұшаққа отырудан бастадық. Сол ұшаққа отырудан бастағанның әсері-ау деймін. Аспанда ұшып жүргендей бақытты болып жүрміз.

Крэнфилд университетінің басшылығы бастапқыда балаларға аэроғарыш және авиация индустриясының қаншалықты қызықты екендігін түсіндіруді мақсат етіп қойғандарын айтады. «Сондай-ақ авиаинженерияға қатысты мамандық таңдай отырып, мансапқа жетуге болатынын жеткізгіміз келген», – дейді.

Хэлен Аткинсон, Крэнфилд университетінің проректоры:

– Біз Крэнфилд университетіне Қазақстаннан келген оқушыларды қуана қарсы алдық. Менің білуімше, мұнда жолдама алу оңай болмаған. Тағылымдама бағдарламасы өте мазмұнды болды. Біздің еңбегіміз еш кетпей, болашақта балалар Қазақстанның авиация саласын таңдайды деген үміттеміз.

Мемлекет басшысы жаңа сын-тегеуріндер жағдайында ұлттың бәсекеге қабілетті болуына ерекше маңыз беріп жүр. Техникалық прогресс сәт сайын дамыған заманда нақты ғылымға басымдылық берілуі керек. Сонымен қатар мектеп жасынан бастап құқықтық насихат және шығармашылық ойлау қабілетін дамыту аса қажет. Осының бәрін басшылыққа ала отырып, ұйымдастырушылар: Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры, Әділет министрлігі және Ұлттық зияткерлік меншік институты байқауды жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы