363.61 436.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Евровидение-2018» балалар байқауына еліміздің қатысатыны ерекше атап өтілді

  • 276

Қазақстан биыл  алғаш рет «Евровидение-2018» балалар ән байқауына қатысады. Сайыстың барысын тікелей эфирде «Хабар» арнасы көрсетеді.

Ел намысын қорғайтын жас әншінің есімі әзірге белгісіз болғанымен, өнер додасына дайындық басталып кетті.

Көптен күткен ән додасында ел намысын қорғайтын жас әнші кім? «Хабар» Агенттігінің басшылары өткізген баспасөз мәслихатында журналистер тарапынан түскен басты сұрақтың бірі осы болды. Ұлттық іріктеу сайысы қазан айының 8-іне дейін өтеді. Жақында барлық қажетті ақпарат «Хабар» арнасының сайтында жарияланбақ. Қазақстан өкілінің қатысуына жұмсалатын барлық шығынды «Хабар» Агенттігі өтейді.

Ерлан Игісінов, «Хабар» арнасының директоры:

- Қазақстанда даусы мықты, дарынды балалар көп. «Евровидение» дегеніміз, ең бастысы, ән байқауы екенін естен шығармаған жөн. Ол әнге бірқатар қатаң талап қойылады. Біріншіден, бұл ән бұған дейін еш жерде орындалмауы керек. Еуропоп стиліндегі музыкалық туынды қазақ тілінде орындалады. Ағылшын тіліндегі сөздерді де қосуға рұқсат. Әуеннің ұзақтығы 3 минуттан аспағаны абзал.

Биыл өнер додасы 25 қарашада Беларусь астанасы Минскте өтеді. Байқауға барлығы 19 мемлекет қатысатынын растады. Шара аясында 9 бен 14 жас аралығындағы жас әншілер бақ сынайды.

Алан Әжібаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы: 

- «Евровидение-2018» балалар ән байқауының ұйымдастырушылары өздері әзірлеген бейнероликтер мен баспасөз хабарламаларында Қазақстанның қатысатынын ерекше атап өтті. Бізбен бірге бұл сайыста алғаш рет Уэльс елі де қатысады. Сол себепті бұл жыл біздің агенттік және көрермендеріміз үшін тарихта қалатыныны сөзсіз.

Бұл байқау алғаш рет 2003 жылы Дания мемлекетінде өткен. Оған басында тек 16 ел ғана қатысқан еді. Былтырғы өнер сайысын Грузия ұйымдастырды. Ол бас жүлде жеңіс ресейлік қатысушы Полина Богусевичке бұйырған.

Авторлары: Дариға Ташенова, Ғани Алшымбаев

Хабар 24 телеарнасы