Израиль мен «ХАМАС» арасындағы шиеленіс ушығып барады - Соңғы жаңалықтар, Қазақстан жаңалықтары, фото, онлайн, видео, Хабар 24

USD 359,46

EUR 409,95

РУБ 5.43

Израиль мен «ХАМАС» арасындағы шиеленіс ушығып барады

Израиль мен «ХАМАС» арасындағы шиеленіс ушығып барады

Израиль «ХАМАС-қа» соғыс ашпақ ниетте.

Елдің орталығындағы Тель-Авив шаһарын қорғайтын «Темір күмбез» деп аталатын қосымша темір батареялары іске қосылып, резервтегі жауынгерлер шақыртылып жатыр. Ал оңтүстікте тараптар бір-біріне қарымта соққы жасап, кек қайтаруға көшкен.

Израильдің оңтүстігінде әуе дабылы бірнеше күннен бері тоқтар емес. Бір түннің ішінде палестиналық сарбаздар 90-ға жуық зымыран ұшырған. Олардың қатарында тұрғын үйлерге түскендері де бар.

Қарсы тарап та қарап жатқан жоқ. Қарымта шабуылдар үдеп барады. Тікұшақ пен әуе кемелері қару-жарақ сақталған қоймаларды жарып жатыр. 14 жерасты туннель қираған. Елдің оңтүстігі зымыранға қарсы қорғану жүйелерімен жасақталды. Үлкен мегаполис Тель-Авивті шабуылдан қорғау үшін қосымша батареялар тартылды. Әуе қорғанысы мен әуе күштері бөлімшелерінде резервте тұрған жауынгерлер шақыртылып жатыр.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

– Біз «ХАМАС-қа» үлкен әрі ауыр соққы жасадық. Біздің саясатымыз бәріне аян. Бізге шабуыл жасаған елге, екі есе жауап қайтарамыз. Кешегі жасалған соққы – соның дәлелі. Олар Израиль атысты тоқтатуға келісті деп жатыр екен. Бұл – жалған ақпар. Бізге жасалған шабуылға қарап отыра алмаймыз. Тиісінше жауап қатамыз.

«ХАМАС» шиеленісті әдейі ушықтырып отырған сияқты. Олар Израиль Газа секторынан қоршауды алмаса, атысты тоқтатпайтындығын айтып, сес көрсетті. Тель-Авив те өз кезегінде кейін шегінбейтіндіктерін мәлімдеп, шабуылды еселей түсетіндіктерін білдірді.

Александр Гринберг, арабтанушы:

– «ХАМАС» дәл қазіргі уақытта Израильдің үлкен көлемде операция жүргізе алмайтындығын біліп отыр. Сол себепті олар өзіне тиімді уақытта шабуылды үдетуі мүмкін. 

Тараптар ортақ шешімге келер емес. «ХАМАС» қоршау алынса, террорлық әрекеттерді доғарамыз дейді. Ал Израиль лаңкестік әрекеттер тиылмай, қоршауды алу туралы сөз қозғалмайды деп жауап қатты. Жағдай күннен-күнге ушығып барады. Израильдіктер әскери тұрғыдан Газа секторын басып алудың түк қиындығы жоқ екенін айтады. Армия оны екі аптада жүзеге асыра алады. Одан кейін Израиль бір жарым миллион тұрғыны бар аумақтың жағдайын қамтамасыз етуге тәуелді болады.

Авторы: Сергей Ауслендер

Хабар 24 әлеуметтік желілерде