USD 340.71 EUR 404.90 РУБ 5.90

+7 7172 553 642 | 24kz@khabar.kz

      


Ақтаудағы трансформатор зауытының өнімі Түрікменстанға экспортталады

  • 74
  • Бейне
  • Материалды бағалаңыз
    (0 бағалау)
Ақтаудағы трансформатор зауытының өнімі Түрікменстанға экспортталады

Ақтаудағы трансформатор зауыты экспорт аясын кеңейтпек. Ендігі шығаратын өнімінің 50 пайызы көршілес Түрікменстанға жөнелтіледі.

2 млрд теңге инвестор қаражатына салынған өндіріс орны жылына 6 млрд теңгенің тауарын әзірлейді. Басты артықшылығы электрлі қалқанша жабдықтары мен трансформаторлар жасауға қажет шикізат отандық өндірушілерден жеткізіледі. «Үдемелі Индустриялдық-Инновациялық даму» бағдарламасы аясында жұмыс қарқынын арттыруға көшкен кәсіпорын болып отыр.

Өнімнің 96 пайызы қазақстандық үлес. Вакуммді қосқыштары Кентау қаласында шығады. Металды Теміртау қаласынан алады. Микропроцессорлық қорғанышты Алматы қаласынан алдырып отыр. Амперметрлер, ауыстырып-қосқыштар өзіміздің шығарып жатқан отандық өнімдеріміз.

Қала іргесіндегі зауыт үш жылда қалыптасты. Кернеуі 10-20-35-110 киловольттік трансформаторлар, аралық станциялар мен қосалқы бөлшектерді әзірлейді. Өнімі халықаралық талаптарға сай. Құрылыстың барлық бағытында қолданылады.

Олжас Есіркепов, зауыт директоры:

– Түрікменстан нарығын зерттей келе трансформатор зауытының мүлдем жоқтығына көз жеткіздік. Астанасы Ашхабадта бөлімше ашуға дайындық жұмыстары басталды. Таяу күндері 3 млрд теңгенің өнімін көршілес елге экспорттайтын боламыз.

Шетелдік қондырғылармен жарақтанған өндіріс орны отандық өнімді қысқа мерзімде дайындайды. Кәсібіне жетік мамандар автоматты құрастыру жүйесін басқарып, жасалып жатқан қосалқы бөлшек сапасын бақылап тұр. Кәсіпорында 40-қа тарта жұмысшы бар. Олардың 25-і қызметтік пәтермен қамтылған. Он жылға пайызсыз берілетін баспананы жалға алу ақысы жалақыдан ұсталады.

Отандық электромашина құрастыру саласындағы көшбасшы компанияның батыс аймақтарда бөлімшелер ашуының арқасында еліміздің импортқа тәуелділігі азайған. Ақтаудағы зауыт жыл соңына дейін толық қуатына көшеді. Демек, жаңадан 150 жұмыс орны ашылады. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Дүсәлиев

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз
back to top