359.76 423.70 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Семейде ән мен күй әуеледі

  • 219

Ұлттық мереке еліміздің мәдени, рухани орталығы саналатын Семей өңірінде де ұлықталды.

Ертіс жағасында «Бабалардын көзіндей қасиетті домбыра» атты фестиваль өтті. Қаланың әр түкпірінде киелі қара домбыраның үні күмбірлеп ән мен күй әуеледі. Cемейліктердің көңіл күйі қалай?

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Семейліктердің көңіл-күйі тамаша! Домбыра асынған үлкен кіші,  жас пен кәрі бүгін қала көшелерін бір ғажайып күйге бөледі. Шынымен, ұлттық рух асқақтап, халықтың мерейін үстем етті. 

Ал Ертістің оң жағалауындағы алаңқайда керемет фестиваль ұйымдастырылып, оған қаланың көптеген өнер ұжымдары, өнерпаз жастар, барлығы 500-дей домбырашы қатысты. Барлығы көрермендерге 20 концерттік нөмір ұсынылды. Құрманғазының «Адай», «Балбырауын», «Сарыарқа» күйлері күмбірлеп, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Естайдың әндері әуеледі. Мұнан өзге қаланың басқа да мәдени нсыандарында, кітапханалар мен мұражайларда ұлттық мерекеге арналған шаралар кеңінен ұйымдастырылды.

Арап Еспенбетов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- Сұлтанмахмұт Торайғыров, Алаштың ардагері, ақиық ақыны 1913 жылы «Өлең һәм айтушылар» деп аталатын мақаласында «Қазақты жансыз қалдырам демесеңдер, ән үйретіңдер және әнді домбыраға қосып үйретіңдер» деген тамаша сөз айтып еді. Шынында күйде бір құдіреті бар. Бүгін міне Семей төңірегінде де домбыра асынып, ағылып жатқан жас та кәрі де көтеріңкі көңіл-күймен келіп жатыр. 

Адай Азаматов, Ә.Қашаубаев атындағы Семей филармониясының директоры:

- Мәңгілік елдігімізді, ұлттығымызды, қазақи дәстүрімізді, оның үстіне кім екенімізді көрсетіп жатыр. Сонда мен өзім ойлаймын, Елбасының бұл жарлығы өте дер кезінде жасалған жарлық. Бұл күнді ата-бабамыз аңсап келе жатқан дүние ғой, соны ұрпақтан ұрпаққа жалғастыру керек. 

- Абайдың соңғы кездері табылған күйлері жөнінде қандай дерек бар? 

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Данышпан ойшыл хакім Абайдың «Торыжорға», «Май түні» сияқты санаулы күйлері ғана әзірге бізге жетіп отыр. Ал соңғы жылдары табылған «Майда қоңыр» және басқа да шығармалары жөнінде әзірге терең зерттеулер жүргізіліп жатыр.

Хабар 24 телеарнасы