USD 346,51

EUR 401,20

РУБ 5.48

Шымкент қаласының инвестициялық картасы жасалды

Шымкент қаласының инвестициялық картасы жасалды

Еліміздің үшінші мегаполисі – Шымкент  қаласының бас жоспары сараланды.

Шаһарды дамытудың нақты жолдары айқындалды. Енді тұрғындар тығыз орналасқан орталық тұстан бастап көріктендіріліп, бюджет қаржысы осындай жобаларға бөлінетін болады. Бұл тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау, қазына қаржысын тиімді пайдалану мақсатында жоспарланған қадам.

Шымкенттің бас жоспары 2012 жылы күзде бекітілген болатын. Сол кезде қала аумағы 41 мың гектар шамасында еді. Бертінде облыс орталығына іргелес аудандардың территориялары қосылып, аумағы 117 мың гектардан асты. Содан қаланың инфрақұрылымын дамытуға деген көзқарасты өзгерту қажет болды.

Нұрлан Архабаев, қаланың бас сәулетшісі:

– Қаланы үлкен ауқымда есептесек, қаражат жетпейді. Мыңдаған шақырым жол салынуы керек, мыңдаған шақырым су, жарық тарту мүмкін емес. Сол себепті қаланың жақсы деңгейге жеткізу керек.

Әдетте қалада көпқабатты үйлер тұрғын алабтың 70 пайызын құрауы керек. Ал Шымкентте жеке үйлер қаланың үштен екі бөлігін алып жатыр. Мұндай кезде инфрақұрылым тарту мейлінше қымбатқа түседі. Шымқаланы экономикалық тұрғыдан тиімді, тұрғындарға ыңғайлы ету үшін бас жоспар өзектендірілді. Инвесторларларға тартымды болуы үшін орталық тұсқа инфрақұрылымды бюджет есебінен тартпақ ниет бар.

Нұрлан Архабаев, қаланың бас сәулетшісі:

– Егжей-тегжей жоспарлау жобалары жасалды. ТЭО жасау, инженерлік жүйе тарту үшіін бізге қазір есептеу жеңіл. Бұл бағытта жұмыс жүріп жатыр.

Қаланың инвестициялық картасы жасалды. Кәсіпкерлік дамиды деген сөз. Бұл инвесторлардың қызығушылығын да арттырды. Қаланың ортасындағы Қошқар ата өзені бойындағы ескі үйлер мен ғимараттардың орнына Шымкенттің көркін асыратын нысандар салғысы келеді.

Сержан Рысалы, қала тұрғыны:

– Ол жерден халық демалатын жер ашу керек. Айналасындағы ескі дүниелердің орнына жаңа үйлер салып, қаланы көркейте түссе деймін.

Бас жоспарды өзгертпестен, оны бүгінгі күн керегіне лайықтап, нақтылап жасалған жоспар шаһар билігінің қаржыны нақты жобаларға жұмсауына мүмкіндік береді. Қала қоржынындағы қаржысына лайық өмір сүру ұстанымына көшті.

Авторлары: Әбдез Рахманұлы, Нұрмахан Мұсатов

Хабар 24 әлеуметтік желілерде