352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесінің берілуі көпті қуантты

  • 256

Шымкент – еліміздегі демографиясы тұрақты дамыған аймақтың бірі.

Шаһарға республикалық маңызы бар қала мәртебесінің берілуі көпті қуантты. Облыс орталығының Түркістанға ауыстырылуын да қоғам зор қуанышпен қабыл алды. Себебі «Түркістан – түркі елінің мәдени астанасы». Енді бұл шаһар жан-жақты дамымақ.

Оңтүстік өлке адам саны бойынша елімізде бірінші орында! Күнгей өңірде 3 миллионға таяу тұрғын бар. Бұл дегеніңіз республика халқының он алты пайызы осы оңтүстікте тұрады деген сөз. Қазақстандағы әрбір төртінші сәби Шымкентте дүниеге келеді. Соңғы бес жылда облыстағы жұрттың қатары 7 пайызға өскен. Шымкенттің өзінде бүгінде 1 миллион адам тұрады. Осы және өзге де дәйектерді ескеріп Елбасы Шымкентке республикалық мәртебе беру жөнінде шешім қабылдады.

Шымкент – климаты ыстық, шөбі шүйгін, жері құнарлы құтты һәм берекелі аймақ! Оңтүстікте өсірілген жеміс-жидек пен дәнді дақылдар тонналап әрісі Орталық Азияға, берісі Ресей асады. Өткен жылдарда 1 миллион 430 мың тонна қауын мен қарбыз жиналған. Қазір облыста 70 мыңнан аса диқан мен шаруа бар.

Шымкент елімізге инвестиция тартудан да кенде емес. 2010 жылдан бері «Оңтүстік» деп аталатын индустриалды аймақ жұмыс істеп келеді. Тәуелсіздік алғалы бері аймаққа 3 триллион теңге инвестиция тартылған. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Индустрияландыру бағдарламасы бойынша іске қосылып жатқан әрбір бесінші кәсіпорын оңтүстікке тиесілі. Хош! Облыс орталығының Түркістанға көшірілуі тек экономикалық емес, рухани, мәдени маңызға ие! Елбасының бұл салмақты шешімі күллі түркі халқының бірігуіне жол ашады. Зиялы қауым өкілдерінің пайымы осы.

Баршагүл Исабек ОҚМПУ-нің оқу-ісі жөніндегі проректоры, т.ғ.к.:

- Түркістан тарихи тұрғыдан көп рөл атқарған кезінде. 1865 жылы Түркістан облысы құрылған. 1918-1924 жылы Түркістан АКСР болды. Сондықтан Түркістан деген тарихи атаудың қайтуының өзі түркі халықтарының бірігуіне және сол түркі халықтарының мәдени астанасы ретінде Түркістан қаласының гүлденуіне зор үлесін қосады. Себебі кеңес үкіметінің тұсында Түркістан деген атаудан ас тартқыза отырып, түркі халықтарынан шыққан тұлғаларды қудалап, бұл атауды жойғызып тастаған. Түркістан атауының келуінің өзі түркі халықтарының бірігуіне жол ашады.

Халық көбейген сайын қала жандана түсті. Тәуелсіздік алған жылдары Шымкенттің аумағы 13 мың гектар болса, қазір 117 мың гектардан асады. 2000 жылдардың басында 100 мың шаршы метр баспана салынды. Қаланың инфрақұрылымы мен коммуникациясы да дамыған. Заманауи нысандар мен сауда, спорт кешендері жұмыс істеп тұр. Оңтүстік – түрлі ұлт пен ұлыстың ұйысқан ортасы. Қазір облыста 108 түрлі ұлт өкілі бейбіт өмір сүруде.

Авторы: Қорған Төреқожа

Хабар 24 телеарнасы