352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Тұрғын үй құрылысына 500 млрд теңгеден астам инвестиция салынды

  • 97
Тұрғын үй құрылысына 500 млрд теңгеден астам инвестиция салынды

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2018 жылдың алты айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды.

Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев атап өткендей, осы жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша өнеркәсіптік өнім көлемі 5,2%-ға өскен. Атап айтқанда, тау-кен өнеркәсібіндегі өсім 5,5%, өндеу өнеркәсібінің өсімі 5,2% болды. 14 аймақта өнеркәсіп өндірісінің көлемі өсіп отыр.

«Өңдеу өнеркәсібінде металлургия өнеркәсібінде 3,4% (қара металлургия 5%-ға, түсті 2,1%-ға), химия өнеркәсібінде 11%, машина жасауда 17,2%, құрылыс материалдарын өндіруде 2,3%, жеңіл өнеркәсіпте 2,3% өсім байқалды», – деді вице-министр.

Қ.Өскенбаев негізгі базалық металдар бағасының өткен жылдың деңгейінде сақталуы өндіріс көлеміне оң ықпалын тигізгенін атап өтті. Көлік кешені бойынша жоспарлық көрсеткішке қол жеткізілді, қаңтар-маусым айларында нақты көлем индексі 104,9%-ды құрады (2018 жылға жоспар – 104,8%).

Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметінше, І жарты жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан арқылы контейнерлік тасымалдаудың жалпы көлемі 206 мың контейнерді құрап, былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 40%-ға өсті.

«ҚХР – ЕО – ҚХР бағыты бойынша осы көрсеткіш 101 мың контейнер болып, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 38%-ға өсті», – деді Қ.Өскенбаев.

Құрылыс бойынша нақты көлем индексі 103,8% болды. Негізгі оң қарқын үлесі Солтүстік Қазақстан (167,1%) және Шығыс Қазақстан (139,8%) облыстарында байқалды.

«Тұрғын үй құрылысы саласына 513,4 млрд теңге инвестиция салынды. Ол былтырғы жылдың деңгейінен 28,4%-ға жоғары. Жалпы көлемі 5,8 млн шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға берілді (2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 104,8% құрайды). Тұрғын үйлерді пайдалануға беру пайызы жылдық жоспарына шаққанда 47% құрады, жоспар – 12,1 млн ш.м. Жалпы республика бойынша 49 667 баспана пайдалануға берілді, оның ішінде 20 532  жеке үй бар», – деп түйіндеген Қ.Өскенбаев жалпы еліміз бойынша жылдық жоспарлы көрсеткіш орындалатынын баса айтты.

Ақпарат көзі: primeminister.kz

Хабар 24 телеарнасы