369.36 436.00 5.46

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Алматы-2» вокзалы жабылуы мүмкін

  • 308

«Алматы-2» вокзалы жақында жабылуы мүмкін.

Алматы қалалық төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері өткен  жазда жолаушы тасымалымен айналысатын мекеме ғимаратын тексеріп, бірнеше заң бұзушылықты анықтаған еді. Кемшілікті жою жөніндегі ескертуді ескермеген «Қазақстан темір жолы» компаниясын Төтенше жағдайлар департаменті  сотқа беріп, алғашқы процесте жеңіп шықты. Алайда айыпты тарап экономикалық соттың шешімімен келіспей, аппеляциялық шағым түсірген.

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Басы даудан арылмаған бұл вокзалдың тықыр таянар күні жақын. Ғимаратта қауіпсіздік талаптары мүлдем сақталмаған. Тіпті қапелімде жалын тұрса, өртті сөндіруге арналған құралдардың бірі де жоқ мұнда. Арада бір жыл уақыт өтсе де, жауапты мекеме олқылықты түзеуге тіпті тырыспаған екен.

Төтенше қызмет өкілдері вокзалда апат кезінде іске қосылатын қарапайым дабыл жүйесі де жоқтығын айтады. 

Айдос Нүсіпбаев, Алматы қаласы ТЖД басқарма басшысының орынбасары:

- Өткен жылы «Алматы-2» вокзалын  тексеру кезінде болуы тиіс 14 талаптың өрескел бұзылғанын анықтадық. Алғашқыда хаттама толтырып, 40 мың теңге көлемінде айыппұл салғанбыз. Алайда «Қазақстан темір жолы» компаниясы қауіпсіздік талаптарының екеуін әлі күнге орындамаған.

Экономикалық сот төтенше жағдайлар департаментінің арызын мақұлдап, «Алматы-2» вокзалын уақытша жабу туралы шешім шығарған. Алайда, жолаушылар тасымалына жауапты мекеме онымен келіспей,  қалалық сотқа аппеляциялық шағым түсірді.  

Бауыржан Ахметов, қалалық соты баспасөз қызметі басшысының міндетін атқарушы:

- «Қазақстан темір жолы» компаниясы түсірген аппеляциялық шағым қалалық әкімшілік соттың қарауына берілді. Осы іске қатысты отырыс 18-ші шілде күні өтеді. Ал экономикалық сот қабылдаған шешім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Сот шешімі заңды күшіне енбеген соң «Алматы-2» вокзалы қалыпты жағдайда жұмысын жалғастырып жатыр. Күн сайын бұл жерден 4 мыңға жуық жолаушы өзге қалаларға қатынайды. Ал ҚТЖ вокзалдың жабылмайтынына кәміл сенеді. Айтуларынша, олар төтенше қызмет өкілдері анықтаған кемшілікті осы күні түзетіп үлгерген.

Эрик Шынтеков, «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ Алматы магистральді бөлімшесі директорының орынбасары:

- Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері анықтаған кемшіліктерді түзетіп қойдық. Сондықтан вокзалдың жабылуына қарсылық танытып, әкімшілік сотқа аппеляциялық шағым түсірдік. Сот процесіне дейін вокзалға тағы бір тексеріс ұйымдастыруды талап етеміз. Өйткені бізде қауіпсіздік талаптары толықтай сақталған.   

Тараптар дауына енді қалалық сот нүкте қоюы тиіс. Егер жолаушылар тасымалына жауапты компания бұл жолы да жеңілер болса, онда «Алматы-2» вокзалы жабылуы мүмкін.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы