352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

СҚО-да бруцеллез ауруынан 200-дей бас ірі қара сойылған

  • 167

Солтүстік Қазақстан облысы Архангельское ауылында бруцеллез ауруы өршіп тұр.

Елді мекенде індеттен 200-дей бас ірі қара сойылған. Шығынға батқан тұрғындар өтемақыларын да толық ала алмай жүр. Алды малдан дерт жұқтырып, ауруханаға түсті. Күні бүгінге дейін дәрігердің көмегіне 9 адам жүгінген. Бір қызығы, ауылда ет пен сүттің саудасына шектеу қойылмаған.

Архангельское ауылының төрт түлігі қыстан бері бруцеллезге шалдығып, шетінен пышаққа ілігіп жатыр. «Кесел көктемде белең алды», – дейді тұрғындар. Мәселен, Қозыбай Мұқышев 3 бірдей сиырынан айырылды. Енді өтемақысын ала алмай жүр.

Қозыбай Мұқышев, Архангельское ауылының тұрғыны:

- Желтоқсанда әкеткен екі сиырдың өтемақасын берді, наурызда әкеткеніне әлі берген жоқ. Екі айдан кейін береміз деді. Малдан сүтін аламыз, береміз. Сонымен ақша, пайда болады. Ал қазір қандай пайда? Ешқандай пайда жоқ. Біттік.

Елді мекенде карантин жарияланбаған. Шілденің 9-ы шектеу ғана қойылды. Бірақ сүттің саудасы қызып тұр. Оны тұрғындар да растап отыр.

Жанат Шағымбаев, Архангельское ауылының тұрғыны:

- Сүті қаншадан әкетіп жатқанын білмеймін. Сүт тасушы алып кетеді.

Сол сүттен сырқат жұртқа жұқты. Тұрғындардың буындары ауырып, дәрігерге жүгінген. Бүгінде 9 адам бруцеллезге шалдыққан.

Жаңыл Қозымбаева, ФАП медбикесі:

- 4 адам стационарда емделіп жатыр. 5 адам амбулаторлық ем қабылдап жатыр. Вирус сүттен жұққан. Адамдардың буындары ауырады.

Тұрғындар: «ауру ауыл шетіндегі шаруа қожалығынан тарады», – дейді. Қазір мұнда асылтұқымды 200 малдан 20-сы ғана қалды. Оларға өріске шығуға тыйым салынған.

Шаруа қожалығының асылтұқымды малы мен ауылдың табыны бір жерде жайылады екен. Ірі қарасы сойылған тұрғындардың қораларында залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. «Өтемақы да төленеді», – дейді ветеринар.

Сырғабек Байжанов, Қызылжар аудандық ветеринария бөлімінің басшысы:

- 3 млн 585 мың теңге ақша. Қазір комиссия өткізіп, келесі аптада халық толығымен өтемақыларын алады. Ауылдың төңірегінен мал сатылуға болмайды, сүт шығарылуға болмайды. Енді осы жөнінде біз халықпен жұмыс істейміз.

Ауылда әр 20 күн сайын малдан қан алынып, зертханада тексеріледі. Сондықтан індеттің түбегейлі қашан тоқтайтынын ешкім де дөп басып айта алмайды. 

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов, Дмитрий Рура

Хабар 24 телеарнасы